Желтоқсан қатысушыларын балағаттаған алматылық әйелге қатысты іс қозғалды
Алматыда Желтоқсан оқиғасы қатысушыларын қорлайтын сөздер жазған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Астана, NEGE. Threads әлеуметтік желісінде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушылардың фотосы жарияланған жазбаның астына алматылық Виолетта Паршина балағат сөздер жазған.
Осыған байланысты Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс тіркеп, күдіктіні полицияға жеткізген. Қазіргі уақытта оның әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Полиция мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін атап өтті.
«Ұлтаралық белгі бойынша қорлау фактілеріне жол берген кез келген адам заң алдында жауап береді. Мұндай құқық бұзушылықтарға қатаң шара қолданылады», – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ведомство ұлтаралық келісімді бұзуға бағытталған арандатушылық әрекеттер мен өшпенділік тудыратын контенттің қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті.