19 декабря 2025 г. 16:01

Желідегі жүргізуші куәлігіне қатысты ақпарат – жалған

Фото: gov.kz

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі «алдағы төрт жыл ішінде жарамдылық мерзімі аяқталатын жүргізуші куәліктерін міндетті түрде ауыстыру қажет» деген ақпарт шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Астана, NEGE. Ведомствоның мәліметінше, жүргізуші куәліктерін беру және ауыстыру тәртібіне қатысты ешқандай өзгеріс енгізілмеген.

«Жүргізуші куәлігі тек олардың жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда және қолданыстағы белгіленген тәртіпке сәйкес ауыстырылады. Қосымша талаптар, соның ішінде қайта емтихан тапсыру немесе қандай да бір шектеулер қарастырылмаған», – делінген ІІМ хабарламасында.

Полиция азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге және мәліметтерді тек ресми дереккөздерден алуға шақырады. Сонымен қатар көрінеу жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.