Желідегі махаббат: Қосшыда алаяқ қалыңдық іздестіріліп жатыр
Ақмола облысының полицейлері үйлену тойына дайындықты сылтауратып, өңір тұрғыны мен оның туыстарынан қомақты қаржы мен бағалы бұйымдарды алдап алған «қалыңдықты» іздестіріп жатыр.
Астана, NEGE. Полиция департаментінің хабарлауынша, 31 қаңтарда облыстың 28 жастағы тұрғынынан арыз түскен. Оның айтуынша, азаматтық некедегі әйелі тойға дайындық пен қалыңмалды сылтауратып, жалпы сомасы шамамен 1,5 млн теңге болатын ақшасы мен бағалы заттарын иемденіп кеткен.
«Тергеу шаралары барысында арызданушының 2025 жылдың тамыз айында әлеуметтік желі арқылы бір қызбен танысқаны анықталды. Жаңа танысы өзін Шымкент қаласының тумасы ретінде таныстырған, отбасы да сол қалада тұратынын айтқан. Бірнеше рет кездескеннен кейін жұп бірге тұруды шешіп, елордадан пәтер жалдаған. Алданғанын сезбеген ер адам қызды ата-анасымен таныстырған, ал қыз өз отбасымен таныстыруға асықпаған. Алайда арызданушы бұл жайтқа мән бермеген», – делінген ведомство хабарламасында.
Бір жарым ай бірге тұрғаннан кейін әйел жүкті екенін хабарлаған. Осыдан соң ер адам қарым-қатынасты заңдастырып, тойға дайындықты бастауға шешім қабылдайды. Шығынды азайту мақсатында жұп елордадан Қосшы қаласына көшкен.
«Арызданушының сөзінше, оның ата-анасы болашақ құдаларға жастарға пәтер сатып алу үшін кепілақы ретінде 950 мың теңге беріп жіберген, сондай-ақ болашақ келінге 600 мың теңгеден астам сомаға алтын әшекей бұйымдар сатып алып берген.
Осыдан кейін әйел байланысқа шықпай, телефон қоңыраулары мен хабарламаларға жауап бермеген. Артынша оның бұрын тұрмыста болғаны және үш баласы бар екені анықталды. Алаяқтық құрбаны болғанын түсінген ер адам полицияға арызбен жүгінген», – дейді полиция өкілдері.
Бұл дерек бойынша полиция алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта жедел қызметкерлер «қалыңдықты» іздестіріп жатыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы танысу кезінде сақ болуға шақырды.