Желіде жағымсыз пікір қалдыру жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін – Бас прокуратура

Бас прокуратура қазақстандықтарға әлеуметтік желілерде пікір не жазба жариялаған кезде заңдылық пен ақпараттық гигиенаны сақтау маңызды екенін ескертті.

freepik.com

Астана, NEGE. Прокурорлар әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзіне айналғанымен, жауапкершілік те арта түскенін атап өтті. Бүгінде «цифрлық қауесеттер» қоғам үшін елеулі қауіптердің бірі болып отыр.

«Көп жағдайда пайдаланушылар мәселенің мәніне үңілместен, тексерілмеген, кейде тіпті жалған ақпаратты таратады. Назар аударту мен "хайп" қуған жекелеген тұлғалар өз әрекеттерінің салдарын елемейді. Ал, шын мәнінде, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты жариялау бүкіл қоғам үшін қауіп төндіретін факторы болып саналады. Бұл – жай ғана зиянсыз әзіл немесе интернеттегі пікір емес. Мұндай әрекеттер дүрбелең туғызуы, азаматтардың іскерлік және жеке беделіне нұқсан келтіруі, сондай-ақ мемлекеттік институттардың қызметін тұрақсыздандыруы мүмкін», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Прокурорлар цифрлық ортада толық анонимділік жоқ екенін, Интернеттегі кез келген әрекет «цифрлық із» қалдыратынын ескертеді. Пайдаланушы елеусіз қаламын деп ойлаған күннің өзінде заманауи технологиялар арқылы ақпараттың таралу көзін жылдам анықтауға болады. 

«Тәжірибе көрсеткендей, заңға қайшы жарияланымдар анықталып, олардың авторлары заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Сондықтан пікір немесе жазба жарияламас бұрын оның салдарын түсіну қажет. Жала жабу, қорлау немесе көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеледі», – делінген хабарламада.

Бұл ретте прокуратура өкілдері сөз бостандығы шексіз еркіндік дегенді білдірмейтінін алға тартады. Ол басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға сылтау бола алмайды. 

Кез келген таратылатын ақпарат болжамдар мен жорамалдарға емес, тексерілген фактілерге негізделуі тиіс. Бұл – ақпараттық этиканың негізгі қағидаты.

Прокурорлардың айтуынша, құқықтық нормаларды сақтау медиа кеңістікте қауіпсіз орта қалыптастырады.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде паркингтер паналау орны ретінде қолданылмақ

Қазақстандағы көмір қоры 300 жылға жетеді – Энергетика министрлігі

Екі төреші Қазақстан Премьер-лигасының матчтарынан уақытша шеттетілді

Алматыдағы жол апаты: Zeekr жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді