Жекешелендіру жоспарындағы 40 нысан әлі сатылмаған
Бұл жөнінде премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың мемлекеттік және квазимемлекеттік секторды жекешелендіруге қатысты сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Астана, NEGE. Бектенов келтірген дерек бойынша, Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жалпы сомасы 977,2 млрд теңгеге 402 нысан сатылған.
«Ал 68 нысан бойынша қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. 153,9 млрд теңгеге "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы АҚ-ның, 22,6 млрд теңгеге "KEGOC" АҚ-ның, 10,6 млрд теңгеге "Air Astana" АҚ-ның акциялары IPO/SPO-ға шығарылды.
Қазіргі уақытта 40-тан астам нысан әлі сатылмай тұр», – дейді Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, оған мына жағдайлар себеп болған:
сот даулары («Sabtech Jartas Mining» ЖШС, Алматы облысын дамыту жөніндегі «Алатау» АҚ);
әуежайлар аумағында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру (авиациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Кендірлі, Катонқарағай, Зайсан қалаларында әуежайлар салынуда);
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру («Мамлютское 1» ЖШС, «Талдықорған Көркейту» ЖШС);
әлеуетті инвесторлар қызығушылығының болмауы және қолайсыз нарықтық жағдай.
Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия бұл активтерді жаңа Оңтайландыру жоспарына енгізуді ұсынған.
Бұл ретте Олжас Бектенов жекешелендірудің негізгі мақсаты бәсекелестік дамыған салаларда мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқарту екенін атап өтті.
Үкімет басшысының айтуынша, жаңа Оңтайландыру жоспары аясында отын-энергетика кешені, өнеркәсіп және индустрия, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және байланыс, сауықтыру, ойын-сауық, жерлеу және қаржылық қызмет көрсету және т.б. салалардағы мемлекет қатысатын нысандарды сату басталып кеткен.
Атап айтқанда, жоспар аясында ШҚО-дағы «Толағай» лагерін, Түркістан облысындағы «Сарыағаш» балалар шипажайы, Қарағанды облысындағы «Сарыжайлау» кинотеатры, Алматы қаласының «Арнайы ритуалдық қызметтер комбинаты» ЖШС және «Almaty» микроқаржы ұйымы ЖШС сатуға шығарылған.
Сонымен қатар жаңа Оңтайландыру жоспарында нысандарды уақтылы сатпаған, оның ішінде жекешелендіру мерзімін кешіктірген лауазымды тұлғаларға жауапкершілік қарастырылған.