Жеке компания Тобыл өзені арнасын заңсыз құм өндіретін карьерге айналдырған
Қаржы мониторингі агенттігі жер қойнауын заңсыз пайдалану және пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру фактілері бойынша тергеп-тексеру аяқталғанын хабарлады.
Астана, NEGE. ҚМА мәліметінше, «СТС-Цемент» ЖШС-нің басшысы мемлекет белгілеп берген жер қойнауы учаскесінен тыс жерде, Тобыл өзенінің арнасы мен жағалауынан өнеркәсіптік көлемде өзен құмын заңсыз өндіруді ұйымдастырған. Жұмыстар өзен түбінен екі жер снарядтың көмегімен гидромеханикаландырылған тәсілмен жүргізілген. Өндірілген өзен құмы серіктес кәсіпорындарға өткізілген.
Агенттік келтірген дерек бойынша, заңсыз әрекет салдарынан құны 719 млн теңге болатын 113 мың текше метрден астам құм сатылған.
«Заңсыз әрекеттер салдарынан су және жер ресурстарына елеулі экологиялық зиян келтірілген. Атап айтқанда, Тобыл өзенінің арнасы өзгеріп, жағалау сызығы бұзылған, гидрологиялық режимге нұқсан келіп, батпақтанған аумақтар пайда болған», – деп хабарлады ҚМА өкілдері.
Ғарыштан жасалған түсірілімдердің деректеріне сәйкес, су қоры жерлерінің бүлінген аумағы 28 мың шаршы метрден асқан.
Сот санкциясымен күдіктіге тиесілі мүлікке тыйым салынды. Атап айтқанда, 12 автокөлікке, 10 жер учаскесіне және бір тұрғын емес үй-жайға тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.