22 апреля 2025 г. 13:53

«Жайлы мектеп»: Алматы облысында үш мектеп құрылысы аяқталуға жақын

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Алматы облысы халқы тығыз қоныстанған өңір. Мұнда бала туу саны да жыл сайын күрт өсуде. Сол себепті мектепте орын жетіспеушілігі мәселесі туындауы заңдылық.

Алайда, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында соңғы жылдары есігін айқара ашқан білім ошағы көп. Биыл жобаның соңғы жылы екенін ескерсек, әсіресе Алматы облысы аудандарында қарқынды түрде салынып жатқан мектептер құрылысы да өз мәресіне жетіп қалды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев таяуда жұмыс сапары барысында Талғар және Іле аудандарындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан үш мектепті аралап көрді. Бұл мектептер 2800-ден астам оқушыны орынмен қамтамасыз етіп, қолданыстағы білім ұяларының жүктемесін азайтпақ.

Алматы облысы әкімдігі

Атап айтқанда, Алматы облысы, Талғар ауданы, Жаңалық ауылындағы 900 орындық мектептің құрылысы 2023 жылы басталып, алдағы екі айда аяқталады. «AK Construction Company» ЖШС бас мердігер, «Капремпроект» ЖШС жобалаушы, «Стройинтеграция» ЖШС техникалық қадағалаушы болған нысанның 90 пайызы бітіп, құрал-жабдықтарының 50 пайызы орнатылған. Қазіргі таңда құрылыстың негізгі жұмыстары тәмамдалып, аумақты абаттандыру, техникалық құрал-жабдықтарды жеткізіп, жайғастыру сынды шаруалар қалған.

Ал республиклық бюджет есебінен ұрпақ игілігіне берілуі тиіс келесі нысан – Іле ауданы, Тілендиев ауылындағы 900 орындық жаңа мектеп. 2023 жылы басталып, межелі 2025 жылы қолданысқа өтетін мектеп құрылысы белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бүгінде құрылысшылар ғимараттың қаңқасы мен қабырғасын қалап, шатыры мен қасбеттік, сондай-ақ инженерлік желілер тарту жұмысына көшкен. Тапсырыс беруші — «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, мердігер — «Exclusive Construction» ЖШС.

Алматы облысы әкімдігі

Талғар ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылындағы «Диал строй» ЖШС мердігерлік еткен 600 оқушы сиятын мектеп құрылысы бітуге таяу. Қазір соңғы сатысына жеткен нысанның ішкі жағын әрлеу, инженерлік желілерін тарту, орнату, сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстары ғана қалған.

Талғар және Іле аудандарында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан мектеп құрылысымен танысқан өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев нысандағы жұмыстың жоғары деңгейде атқарылып жатқанына екпін түсірді.

Алматы облысы әкімдігі

«Заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруда кешенді тәсілдің маңызы ерекше. Себебі, мектеп – бұл жай ғана ғимарат емес. Бұл – балалар өздерін жайлы, қауіпсіз әрі сенімді сезінетін орта. Аудан әкімдеріне аумақты көгалдандыру, ағаш отырғызу секілді жұмыстарға ерекше көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырамын. Біз бұл мектептерді балаларымыз үшін салып жатырмыз, ал олар ең үздік жағдайға лайық», – деді облыс әкімі.

Әрине, мұның нәтижесінде шамамен 2 500-ге жуық оқушы соңғы үлгідегі замануи мектеппен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы, бұл ұрпақтың толыққанды, сапалы білім алуына мүмкіндік сыйлайды. Болашақта білікті, кәсіби кадрлардың дайындалуына деген іргетас мектептен бастау алатыны сөзсіз. Білікті маман жергілікті аудан мен елді мекендердің экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамуына серпін береді.

Алматы облысы әкімдігі

Жалпы. Алматы облысында жоба басталғанда 53 мектеп салынатыны айтылды. Яғни, бұл білім ошақтары 54 мың 600 оқушыны орынмен қамтамасыз етеді. Еліміз сскелең ұрпақтың қауіпсіз және жайлы мектепте білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік жасап жатқанда ендігі талап пен негізгі жүк ұстаз қауысына түскелі отыр. Себебі, мұндай білім беру нысандарында тек жоғары білікті мамандар жұмыс істеп, оқыту мен білім беру сапасын арттыруы тиіс.