Жауыннан соң көлігі бүлінген астаналық өтемақы талап етті: әкімдік не дейді

23 шілдеде Астанада болған нөсер кезінде көлігімен су ортасында қалған Анар Долдырина құны шамамен 35 млн теңге тұратын машинасының жөндеуге келмейтінін мәлімдеді. Тұрғын көлігіне келген шығынды өтеу үшін Астана қаласының әкімдігі мен Президент Әкімшілігіне жүгінген.

Астана – Что? Где? Когда?/Facebook

Астана, NEGE. Мұндай жағдайда материалдық шығынды кім өтеуге тиіс? Аталған сұрақтың жауабын Астана қаласының әкімдігі мен Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінен сұрап білдік. 

Астана қаласының әкімдігі жауапкершілік әрбір жағдай бойынша жеке анықталатынын хабарлады.

«Жолдың су басқан бөлігінде көлікке келтірілген залал үшін кім жауап беретіні нақты жағдайға және жауапкершіліктің кімге жүктелгеніне байланысты анықталады. Бұл жол учаскесінің меншік иесі, оны күтіп-ұстауға жауапты ұйым немесе нөсер кәрізі жүйесінің иесі не оны пайдаланушы ұйым болуы мүмкін», – деп мәлімдеді әкімдік.

Әкімдіктің мәліметінше, жауапкершілік жолдың немесе су бұру жүйесінің талапқа сай күтіп ұсталмағаны, ақаулардың уақытылы жойылмағаны немесе жүргізушілерге қауіп туралы ескерту шаралары қабылданбағаны дәлелденген жағдайда қаралады.

«Қатты жауын-шашынның немесе жолды су басуының өзі қандай да бір мемлекеттік органның немесе коммуналдық ұйымның автоматты түрде жауапты екенін білдірмейді», деп атап өтті ведомство.

Әкімдік сондай-ақ жүргізушінің әрекетіне де құқықтық баға берілетінін айтты. Егер жүргізушінің өрескел абайсыздығы анықталса, Азаматтық кодекстің 935-бабына сәйкес өтемақы мөлшері азайтылуы мүмкін. Сонымен қатар көлік иесі оқиғаның мән-жайын, жолдың су басқанын, келтірілген залалды және олардың арасындағы себеп-салдарлық байланысты құжат түрінде растауы қажет. 

Тұтынушылар комитеті не дейді?

Комитеттің мәліметінше, азамат келтірілген залалды өтеуді талап ете алады. Алайда ол үшін нақты бір тұлғаның немесе ұйымның кінәсі мен келтірілген зиянның арасындағы себеп-салдарлық байланыс дәлелденуі қажет.

«Егер азаматтың мүлкіне келтірілген залал үшін белгілі бір тұлғаның немесе ұйымның кінәсі және себеп-салдарлық байланысы дәлелденсе, ол келтірілген материалдық шығынды өтеуді талап етуге құқылы», – деп жауап берді комитет.

Сонымен бірге ведомство мұндай даулар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңмен реттелмейтінін атап өтті.

«Бұл жағдайда тұтынушы мен сатушы немесе қызмет көрсетуші арасындағы құқықтық қатынастар туындамайды. Сондықтан мәселе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы шеңберінде қаралады», – деп түсіндірді комитет.

Егер тараптар келісімге келе алмаса, дау сот тәртібімен қаралады. Ал түпкілікті шешімді сот барлық ұсынылған дәлелдерді сараптағаннан кейін қабылдайды.