«Патриотизмді ұранға емес, ұстанымға айналдыруымыз қажет»
Қай дәуірде болсын елдің дамуы мен болашағы жастардың санасы мен рухани бағытына байланысты болған. Бүгінгі жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарды сақтап, заманауи көзқараспен ел дамуына үлес қосу – жас ұрпақтың басты миссиясы. Уақыт жылдам өзгеріп жатқанымен, патриотизмнің мәні ешқашан ескірмейді. Патриотизм – тек ұран немесе сыртқы ұстаным емес, ол – жүректегі адалдық, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімі.
Қазақ даласының тарихында сан ғасырлар бойы рухани құндылықтардың өзегі «патриотизм» ұғымы ерекше мәнге ие болып келеді. Сол замандардан бері бұл ұғымның ұлттың болмысымен біте қайнасып, дәуірлер бойы үзілмей жалғасып отырғанын көреміз. Патриотизм - тек батырлық пен ерлік ұғымдарымен байланысып қана қоймай, елге деген құрмет пен жауапкершілік, жерге деген сүйіспеншілік және дәстүрге адалдық арқылы қалыптасқан рухани күш. Бүгінде жаһандану үдерісі тек экономика мен технологияны ғана емес, ұлттық сана мен танымға да ықпал етіп отыр. Осындай кезеңде ұрпақ бойына елжандылық сезімін сіңіру – мемлекет үшін маңызды міндет. Қазақстанның мемлекеттік саясаты да жастардың рухани-адамгершілік тәрбие жүйесіне айрықша назар аударып келеді. Патриоттық тәрбие - ұлтты біріктіретін ортақ құндылық. Ол адамға өз елінің тағдырына бейжай қарамауды, әр ісінде ел мүддесін бірінші орынға қоюды үйретеді. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақ қана мемлекеттің іргесін бекітіп, оны жаңа биіктерге көтере алады. Жастардың бойында осындай сезім қалыптастыру арқылы ел болашағына кепіл береміз.
25 қазан - Қазақстанның Республика күні. Тәуелсіздікке алғашқы қадам жасалып, егемен мемлекеттің іргесі қаланған тұс. Осы тарихи сәттің мәнін түсіну арқылы ұлттық сана мен патриоттық рух қалыптасады. Республика күнін тек мерекелік дата емес, елге қызмет етудің, тарихты құрметтеудің, болашаққа жауапкершілікпен қараудың маңызын еске салады. Осыған орай патриотизм мен рухани құндылықтар егіз ұғым ретінде көрінеді.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз ОРАЛБЕКҰЛЫ патриотизм ұғымының жастар арасындағы мәнін ашып, Республика күніне дайындық жұмыстары жөнінде өз пікірін білдірді.
«Патриотизм бүгінгі жастар түсінігінде өте көп мағына береді. Оның ішінде Отанға деген сүйіспеншілікпен қатар,елдің дамуына өз үлесін қосу, ұлттық құндылықтарды құрметтеу, тарихи сананы сақтау және белсенді азаматтық ұстанымы жатады. Алда келе жатқан елдігімізді айқындайтын Республика күні мерекесін атап өту аясында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы жастардың азаматтық бірегейлікті нығайтуға және еліміздің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған бірқатар іс-шараларды әзірледі. Осы мақсатта 16-25 қазан аралығында 120-дан астам шара ұйымдастырылып жатыр. Оның ішінде тақырыптық акциялар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, челлендждер, көрмелер және Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын көтеру жөніндегі салтанатты рәсім бар. Дәл осындай істерде жастардың бой көтеріп, өз үлестерін қосу – олардың арасында елдік сана мен рухани құндылықтарды қалыптастыруға жасалып жатқан нақты қадам деп айтар едім. Және бұл үрдіс әрі қарай жалғасын тапса, онда болашақ ұрпақта патриотизмді ұрандатып қана қоймай, ұстанымға айналдырады» – дейді Азиз Оралбекұлы.
Бұл бастамалар жастардың ел дамуына қатысуына, қоғам өмірінде белсенді болуына мүмкіндік береді. Әрбір жас өз еңбегімен, шығармашылығымен, азаматтық ұстанымымен елдің дамуына үлес қосқанда ғана нағыз патриоттық рух қалыптасады. Сондықтан да патриотизм - елдің іргесін бекітіп, рухын асқақтататын мәңгілік ұғым, халықтың тағдырын біріктіретін қасиетті сезім. Қай кезде де ел тағдырына алаңдап, ұлт мүддесін жеке бастың пайдасынан жоғары қойған азаматтар елдің еңсесін тіктеп, тарихта өшпес із қалдырған. Бүгінгі ұрпақ та сол рухтың жалғасы болуы тиіс. Әр жас адал еңбегімен, білімімен, ұстанымымен Отанның дамуына үлес қосқанда ғана нағыз тәуелсіз елдің келбеті айқындалады. Республика күні – осы рухтың жаңғыратын, елдік сана мен бірлік сезімі күшейетін ерекше кезең. Бұл мереке өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарауға шақырады.
Елге деген шынайы сүйіспеншілік пен рухани құндылықтар елге қызмет ету ұмтылысымен үндескенде ғана патриоттық рух биік мәнге ие болады. Нағыз отансүйгіш азамат туған жерінің болашағына бейжай қарамай, адал еңбегімен ұлт өркендеуіне үлес қосады. Отанын сүйген патриот ұрпақ - мемлекеттің мызғымас тірегі, жарқын болашақтың кепілі.