«Жасанды интеллект кәсіби маманды ауыстыра алмайды» – Халықаралық моушн-дизайнерден кеңес

Жаңа технологиялар Z буын заманауи мамандықтардың пайда болуына ықпал етті. Солардың бірі – моушн-дизайн (motion design). Мұнда ақпараттық технологияның жаңа бағыты, анимация, дыбыс, мәтін де бар. Мұнымен айналысатын маманды «моушн-дизайнер» деп атайды.

жеке мұрағатынан

Моушн-дизайнерлер саны әзірге саусақпен санарлықтай ғана. Бұл мамандық сұранысқа ие, кез-келген телеарна, киностудия немесе бейне өндіріс саласы бұларсыз жұмыс істей алмайды. Моушн-дизайнер графикалық дизайн мен анимациядан бастап, драматургия, режиссура және әңгімелеу негіздеріне дейінгі көптеген дағдыларды біріктіреді. Жасанды интелект бұл мамандыққа әсері бар ма? Халықаралық моушн-дизайнер Данияр Өскенбаймен тілшіміз тақырыпты тарқатып көрді.

Қай уақыттан бері халықаралық компаниялармен жұмыс істей бастадыңыз? Сізге қалай байланысқа шықты? Табысыңыз қанша?

– Жақсы көретін ісіммен айналысқандықтан, еңбектерімді әрдайым әлеуметтік желіге бөлісемін. Бастапқыда жақындарым қолдап жүрді, кейін қазақстандық блогерлер жұмыстарымды көріп, өз желілеріне сала бастады. Нәтижесінде видеоларым әлемдік ұсынысқа еніп, миллиондаған қаралым жинап, маған Lexus International, Lexus Kazakhstan, Porsche, Toyota, Adobe, Halyk, AlmaTV, Samal суы, «Отбасы банкі» және тағы басқа компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік пайда болды.

Ал табыс жобаның ауқымдылығына байланысты. Сондай-ақ, моушнды жасауға қажет арнайы техникалар мен ақылы қолданбалар бағасы қымбат.

– Жасанды интеллект маманның орнын толық басуы екіталай. Кез-келген адам қазір қалаған нәрсесін кішігірім анимацияларды ЖИ арқылы жасай алады, дегенмен ол өте көп қателіктер жібереді. Егер үлкен әрі қиын жобаларды ЖИ және кәсіби маман жасаса, екеуін салыстыра отырып, маманның орнын басу мүмкін емес екеніне көзіміз жетеді. Мен 3D Моушн дизайн, CG арқылы идеяларымды, фантазияларым мен эмоцияларымды ойша қалай көрсем, тура солай жеткізе аламын. Жасанды интелектпен көп нәрсе жасауға болатын шығар, бірақ дәл ойыңдағыдай жасалуына ешкім кепілдік бермейді. Себебі, моушн-дизайн кәсібилік пен дизайнерлік аналитиканы талап етеді.

Кәсіби маман болуға ұзақ уақыт қажет. Болашақ моушн-дизайнер болғысы келетіндер нені ескеруі қажет?

– Моушн-дизайнер болғысы келетіндер графикалық дизайнмен жұмыс істей білуі, типографияны, композицияны білуі, түсті шешімдерді құра білуі қажет. Одан бөлек сценарий жазу өнерін меңгергені, драмалық көріністерді пайдалана білуі, оқиға желісін жаза білуі де керек.

Adobe After Effects (анимация), Adobe Illustrator (векторлық кескіндер), Cinema 4D (3 өлшемді элементтер), Premiere Pro (бейне өңдеу) бағдарламаларымен жқмыс істей білсе, құба-құп.

Рендеринг жасау, яғни графикалық кескіндерді қажетті форматқа түрлендірумен қатар, трендтерді қадағалап және оларды тәжірибеде қолдана білгені артық болмайды.

Автор: Зере НАРБЕКОВА