Жас талғамаған жұлдызды жұптар
Отандық шоу-бизнесте бақытын тапқан жарасымды жұптар жетерлік. Олар бүгінде көпбалалы отбасы, үлгілі жанұя атанып отыр. Назарларыңызға жас алшақтығына қарамай шаңырақ көтерген өнер иелерінің тізімін ұсынамыз.
ҚР Халық әртісі Досхан Жолжақсынов пен актриса, тележүргізуші Қарагөз Сүлейменова 1986 жылы «Диагноз» фильмінің түсірілім алаңында танысқан. Қарагөз онда режиссердың көмекшісі болған. Жұп 90-жылдардың басында үйленді. Бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қарагөз – актердың екінші жары. Екеуінің жас айырмашылығы – 16 жыл.
ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған актриса Дария Жүсіптің ұстазы болған. Дария оқуын тәмамдағаннан кейін 2 жылдан соң ұстазына тұрмысқа шығады. Тұңғышбай Жаманқұлов жарынан 24 жас үлкен.
ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов пен журналист Жадыра Сейдеш 2019 жылдың тамыз айында заңды некеге тұрды. Нұрғали Нүсіпжанов 2014 жылы «Жүрекжарды» бағдарламасына кейіпкер болып, оны жүргізетін болашақ жарымен танысқан. Араға бірнеше жыл салып шаңырақ көтерген жұптың жас айырмашылығы - 45 жас.
Танымал актер Дәуіт Шайхисламовтың әйелі өзінен 11 жас үлкен. Ол журналист Дана Орманбаевамен бірге Бексұлтан, Исламбек, Шарлиз және Дилан есімді төрт баланы тәрбиелеп отыр. Тұңғыш екі ұлы журналистің бірінші некесінде дүниеге келген.
«Жігіттер» тобының бұрынғы мүшесі Еркін Нұржанов 2014 жылдың қыркүйек айында өзінен 14 жас кіші Динара есімді арумен екінші рет шаңырақ көтерді. Қазіргі таңда олар – үш баланы тәрбиелеп отыр. Өнер өкілі жарына «Динара» деген ән арнады.