Жас аналар перзентханадан дауыс берді
ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауында Атырау облыстық перинаталдық орталығы мен Атырау қалалық перзентханасында жатқан 101 жас ана дауыс беріп, таңдау жасады. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы, NEGE. Атырау облыстық перинаталдық орталығы мен қалалық перзентханада жатқан жүкті әйелдер таңғы сағат 7.00-ден бастап дауыс бере бастады.
Олар ҚР мемлекеттік Әнұранын орындап, саяси науқанның сәтті өткізілуіне жұмыла кірісті.
Облыстық перинаталдық орталықтан - 30, қалалық перзентханадан - 71 жас ана өз дауыстарын берді.
Жетінші перзентін дүниеге әкелген Айнұр Төлемісова алғаш рет перинаталдық орталықта сайлауға қатысқанын айтып, өз пікірін білдірді.
«Перзентханада сәбиіммен бірге жатқаныма бүгін екінші күн. Бүгін ел үшін маңызды қадамды осында жасадым. Сайлау учаскесіне бармай-ақ, осындай мүмкіндік жасалғанына алғыс айтқым келеді. Өз таңдауымды жасадым», - дейді.