30 октября 2025 г. 20:00

Жас зерттеушінің Алтынбек Сәрсенбайұлына арналған зерттеу жобасы жүлделі орынға ие болды

Фото: жеке мұрағатынан

Алматы облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен 9–10 сынып оқушылары арасында жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты республикалық интеллектуалдық конкурсының облыстық кезеңі өтті.

Алматы, NEGE. Биылғы байқау «Жасампаздар: менің өлкемнің тұлғалары мен батырлары» номинациясы бойынша өрбіді.

Бұл додада Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Бақытжан Береке өз зерттеу жобасымен көзге түсіп, 2-дәрежелі дипломмен марапатталды. Ол «Алты Алаштың алдаспаны (Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист Алтынбек Сәрсенбайұлы)» атты ғылыми жобасын ұсынды. Жоба жетекшісі – Арайлым Төлепбергенова.

Жас зерттеуші өз жұмысында елдің тәуелсіздігі мен дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткердің өмірі мен қызметін терең зерделеп, отансүйгіштік пен азаматтық ұстанымның үлгісін көрсетті.

Байқауда 1-орынды Алатау қаласы, №52 орта мектептің 10-сынып оқушысы Алиев жеңіп алды.

Осындай зияткерлік сайыстар оқушылардың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың зерттеу дағдылары мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік береді.