30 сентября 2024 г. 16:29

Жас спортшылар дзюдодан әлем чемпионатына аттанды

Фото: Olympic.kz

Отандық спортшылар қазан айын әлем чемпионатымен бастайды. 2-6 қазан күндері Тәжікстан астанасы Душанбе дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігін қабылдайды. Аталған турнирге Қазақстан құрамасы 18 спортшысын аттандырды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Алматы, NEGE. Душанбедегі әлем чемпионаты 67 мемлекеттен келген 574 спортшының басын қоспақ. Бүгінде Ермек Имамбеков бастаған Қазақстан жасөспірімдер командасы Тәжікстанға табан тіреп, аккредитациядан өтіп үлгерді.

Бас бапкердің айтуынша, біріншілікке қатысатын команда ел чемпионаты мен халықаралық турнирлер қорытындысы бойынша іріктелген.

«2 қазан күні жарыс басталады. Қазіргі таңда спортшылар салмақ өлшеу рәсіміне дайындалып жатыр. Ұлдар мен қыздар командасынан жалпы есебі 18 спортшыны таңдап алдық. Оның ішінде, қыздардан 78 келіде, ұлдардан 100 келіде жарысқа балуан қоспадық. Оның себебі де жоқ емес. Бұл салмақтарда ел чемпионы атанған спортшылар халықаралық жарыстарда еш нәтиже көрсетпеді.

Сондықтан, әлем чемпионатына екі салмақта ешкімді әкелгеніміз жоқ. Есесіне, ерлер арасында 60, 66 және 81 келі салмақта жарысқа екі спортшыдан қатыстырамыз. Ал қыздар арасында 48, 52 және 70 келіде қос балуаннан күреседі. Турнирге қатысатын спортшыларды наурыз айында өтетін Қазақстан біріншілігі мен халықаралық турнирлер қорытындысы бойынша іріктедік», - дейді аға жаттықтырушы.

Жас балуандар әлем чемпионаты қарсаңында үш жаттығу кезеңін артта қалдырды.

«Әлем біріншілігіне дайындық барысы үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде Қырғызстанның Ыстықкөл аймағында жаттықтық. Содан соң, Түркістан облысындағы Алма-тау базасында шеберлігімізді шыңдадық. Ал соңғы дайындық кезеңі Алматыда өтті.

Тәжікстандағы әлемдік жарыста 70-ке жуық елдің спортшылары бақ сынайды. Мұнда тек мықтылар жиналған. Қазір дзюдо географиясы кеңейді, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан балуандары әлемдік деңгейде үлкен бәсекелестік тудырады.

Одан бөлек, Азияның басқа мемлекеттері, Еуропа, Америка құрлығының спортшылары бар. Сондықтан, жүлдеге талас өте жоғары деңгейде болады.

Психиологиялық тұрғыдан кім дайын, сол жеңіске жетеді. Бәрін бір қаателік шешеді. Ұтып келе жатып, жүлдеден айырылып қалатын сәт көп. Біздің команда сапында былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Орынбасар Талғат бастаған талантты балуандар бар. Енді медальдан үмітіміз зор», - деді Ермек Имамбеков.

Аға жаттықтырушының айтуынша, дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісі жас спортшыларға рух бері, қанаттандыра түскен.

«Жас балуандарымыз Елдосты үлгі тұтады. Сметовтің жеңісі жастарды дүр сілкіндірді. Рухымызды көтеріп, жігерлендіріп тастады. Қазір өзге бапкерлермен сөйлесіп тұрамын. Қазақстанда балаларын дзюдоға жетектеп әкеліп жатқан ата-аналар көп екен. Бұл бізді қуантпай қоймайды. Әрине, еліміздегі бірінші нөмірлі спорт түрі деп айтпаймын. Десе де, дзюдоға деген көзқарас өзгерді. Бізге осындай чемпиондарды көбірек шығару керек»,- деді тәжірибелі бапкер.

Душанбедегі әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы:

Ерлер:

60 келі:

Орынбасар Талғат

Каргулов Алдияр

66 келі:

Жұбатқанов Ақылжан

Альжанов Мағжан

73 келі:

Алмат Әділет

81 келі:

Күмісбай Азат

Балғабай Досбол

90 келі:

Биржанов Аскар

+100 келі:

Нұртілепұлы Жантілек

Алпанов Шерхан (командалық сайыста)

Қыздар:

48 келі:

Юлдашбекова Сабина

Абдуали Тәсним

52 келі:

Қайрат Аяулым

Ережепова Аружан

57 келі:

Абдирова Дана

63 келі:

Орымбек Көркем

70 келі:

Асхат Ажар

Тельбаева Диана

+78 келі:

Махатова Руслана