25 сентября 2024 г. 10:07

Жарты миллионнан астам қазақстандық Ресейде не істеп жүр?

Фото: Коллаж: NEGE

Биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша, Ресейде Орталық Азия елдерінің 4 миллионға жуық азаматы жүрген көрінеді. Жуырда Ресейдің Ішкі істер министрлігі осылай деп хабарлады.

Министрліктің дерегіне сенсек, Өзбекстанның 1,792 миллионнан астам азаматы Ресейде нан-тұзын айырып жүр. Одан кейінгі орында Тәжікстан тұр – 1,231 миллионнан астам адам. Бұлардың да «шекесі қызып» жүрмегені белгілі. Бір қызығы, осы тізімде үшінші орында Қазақстан тұр екен. Ресей құзырлы органының дерегінше, 606,9 мың қазақстандық Ресейде жүр. Одан кейін Қырғызстан (262,8 мың) мен Түркіменстан (92 мың) бар.

– Қазір біздің елімізде 6 млн 174 мың шетел азаматы жүр. Алғашқы ондықтағы елдер тізімінде Өзбекстан, Тәжікстан, қырғызстан, Беларусь, Украина, Армения, Әзірбайжан, Қазақстан, Қытай және Түркіменстан бар,депті Ресей ІІМ көші-қон саясатына жауапты шендісі, генерал-полковник Александр Горовой.

«Қазақстанның 606,9 мың азаматы Ресейде жүр» деген мәлімет бізді алаңдатып қойды. Егер бұл мәлімет рас болса, жарты миллионнан астам қазақстандық Ресейде не істеп жүр? Заңды жүр ме, әлде заңсыз жүр ме? Жалданбалы жұмысшы боп жүр ме, әлде соғысып жүр ме?

Коллаж: «Московская газета»

NEGE тілшісі бұл сұрақтардың жауабын ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінен анықтауға тырысты, алайда ондағылар ресми сауал жолдауымыз қажет екенін айтты.

Жоғарыдағы сауалдарды Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовқа жолдадық. Жауап жедел әрі нақты болады деп сенеміз.