Жәрдемақы алу тәртібі өзгереді: енді отбасының қарызы да есепке алынады
Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, несиесі, ипотекасы және күнделікті тұрмысқа жұмсайтын шығындары да ескерілмек. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Астана, NEGE. Министрдің айтуынша, мемлекеттен көмек алуға кімнің шынымен мұқтаж екенін анықтау үшін отбасылардың тұрмыс жағдайын бағалау әдістемесі қайта қаралған.
Жаңа тәсіл бойынша отбасының табысы, қарызы, баспанасы мен басқа да мүлкі жан-жақты бағаланады. Атап айтқанда, ипотекалық және өзге де несиелерді есептеу тәртібі өзгертілген.
Қандай өзгерістер бар?
Енді отбасының материалдық жағдайын анықтағанда:
- Ипотека мен басқа да несиелер бойынша міндеттемелері ескеріледі;
- Отбасын асырауға кететін шығындар назарға алынады;
- Отбасында жалғыз адам ғана табыс әкелетіні ескеріледі;
- Жалғыз баспанасы бар отбасылардың жағдайы жеке қаралады;
- Шыққанына 20 жылдан асқан ауыл шаруашылығы техникасы есепке алынбайды;
- Шағын жер телімдері мен қосалқы шаруашылықтың болуы есепке алынбайды;
- Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу немесе заңды тұлғаның болуы отбасының әл-ауқатын бағалауға әсер етпейді.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, бұл өзгерістер мемлекеттік көмектің шын мәнінде мұқтаж адамдарға жетуіне мүмкіндік беруі тиіс.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесі тексеріледі. Жергілікті әкімдіктермен бірге жәрдемақы алушылардың нақты тұрмыс жағдайы зерделенбек.
Үкімет бұл шаралар әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде қателіктерді азайтып, отбасылардың шынайы қаржылық жағдайын ескеруге көмектеседі деп есептейді.
Отбасының цифрлық картасы банктердің жүйесіне қосылады
Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылдың желтоқсанында Отбасының цифрлық картасын екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерімен біріктіру жоспарланып отыр.
Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік көмекті отбасының нақты тұрмыс жағдайына қарай тағайындаудың жаңа тәсілі кезең-кезеңімен енгізіледі.
Жаңа тәртіп бірден барлық азаматқа қолданылмайды. Алдымен табысы жоғары азаматтарға қатысты жаңа тәсіл сынақтан өтеді. Одан кейін ауқатты азаматтар қамтылады.
«Пилоттық жобаны мұқият тексерістен өткізудің бірінші кезеңінде әлеуметтік көмекті оңтайландыру шараларының тиімділігі қаралады. Нәтижесіне қарай бұл жұмыстың ауқымын одан әрі кеңейтеміз», – деді Асқарбек Ертаев.
Сынақ нәтижесіне қарай жаңа тәртіпті кеңінен қолдану мәселесі шешіледі.