6 декабря 2023 г. 15:30

Жапонияда қоқыс жинаудан халықаралық жарыс өтті

Фото:

Оған әлемнің түпкір-түпкірінен 21 елдің өкілдері қатысты, деп жазды 24.kz.

Алматы, NEGE.Тазалыққа ерекше мән беретін жапондар қоқыс жинауды енді жарысқа айналдырып, осылайша әлем назарын жаһандық проблемаға бұрғысы келеді.

 Әлем елдері тәжірибесінде қала көшелерінің тазалығымен арнайы сақшылар айналысады. Ал Күншығыс елінде бұл жұмыс тұрғындарға жүктелген. Өйткені жергілікті халық көшеде шашылған қоқыс көрсе, дереу жәшікке тастауды әдетке айналдырған. Бұл – бұрыннан бар әдет. Енді міне қоқыс жинау спортқа айналды. Биыл тазалық жаршылары әлем деңгейінде сайыс өткізуді қолға алды.

- Чемпионаттың мақсаты – теңіз және мұхиттарды пластикалық қалдықтардан тазартуға адамдардың қызығушылығын оятуға әрі қоршаған ортаны таза ұстауға үгіттеу. Сондықтан бұл байқау қатысушылардың айналасын айнадай ұстауына, табиғат жанашыры болуға мүмкіндік береді,– деді сайысты ұйымдастырушы Мицуюки Унно.

Әлем чемпионы атану үшін бар-жоғы 90 минут ішінде көп мөлшерде қоқыс теру керек. Әр топ 3 кісіден жасақталған. АҚШ, Австралия, Франция сынды ірі державалар бақ сынаған бәйгеде Ұлыбритания командасы озық шықты. Тұманды Альбион тобы бір жарым сағатта жәшігін 57 келіге толтырды. Ал Жапония екінші орынға тұрақтаса, АҚШ командасы жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады.

Тегтер: