Жапония Қазақстан мұнайына қызығушылық танытты
«ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов Астанада Жапония сыртқы істер министрінің парламенттік орынбасары Арфия Эри бастаған делегациямен кездесті.
Астана, NEGE. Компания мәліметінше, тараптар геологиялық барлау саласындағы Жапонияның бизнес-құрылымдарымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Сондай-ақ Қазақстан мұнайын өзара тиімді шарттармен Жапонияға жеткізу мәселесі сөз болды.
Бұдан бөлек Joint Crediting Mechanism (JCM) тетігі аясында метан шығарындыларын азайту бойынша серіктестік әлеуеті қаралды.
Айта кетейік, бұған дейін жапондық БАҚ INPEX компаниясының Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстан мен Әзірбайжаннан алынатын мұнайдың бір бөлігін Жапонияның ішкі нарығына қайта бағыттау мәселесін қарастырып жатқанын жазған еді.