Жапаров Ташиевті президенттікке ұсынуды жоспарлағанын айтты
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2027 жылғы президенттік сайлауға қатыспай, оның орнына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамчыбек Ташиевті қолдауды жоспарлағанын айтты.
Астана, NEGE. Жапаровтың сөзінше, ол президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін саясаттан кетіп, демалысқа шығуды көздеген. Осыған байланысты Ташиевке сайлауға дайындалуға кеңес берген.
Алайда кейін президент Ташиевтің мемлекет басқаруға дайын емес екенін түсінген. Жапаровтың айтуынша, бұған себеп – Ташиевтің айналасындағы адамдардың әрекеті және депутаттардың оны қолдайтындар мен оған қарсы топтарға бөлінуі.
«Иә, бес жыл бойы ол жақсы жұмыс істеді. Бірақ бір кемшілігі – өзінің таныстарын, достарын, сыныптастарын бақылай алмады. Мен оған бұл туралы айттым», – деді Садыр Жапаров Али Токтакуновқа берген сұхбатында.
Осыдан кейін Жапаров Ташиевті ҰҚМК төрағасы қызметінен босатты. Президент олардың достық қарым-қатынасы сақталғанын және қызметтен босатылғаннан кейін де кездескенін айтты. Алайда Ташиевті бұдан әрі жоғары мемлекеттік қызметке тағайындау жоспары жоқ екенін жеткізді.
Сонымен қатар Жапаров Ташиевтің 2027 жылғы президенттік сайлауға өз бетінше қатысуына кедергі келтірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Ташиевке де басқа кандидаттармен бірдей жағдай жасалады.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамчыбек Ташиевке билікті күшпен басып алуға әрекет етті деген айып бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген болатын.