Жанжал кезінде газ тапаншасынан оқ атқан Астана тұрғыны 5 жылға сотталды
Астанада газ тапаншасынан оқ атқан тұрғынға үкім шықты.
Астана, NEGE. Қалалық прокуратураның хабарлауынша, ер адам түнгі уақытта өзге адамдардың арасында болған жанжал кезінде газ тапаншасынан әуеге екі рет, сондай-ақ олардың біреуіне қарай бір рет оқ атқан. Жәбірленуші дер кезінде қашып үлгергендіктен, оқтан аман қалған.
«Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Қадағалаушы орган өкілдері қаруды не өзге де заттарды пайдалана отырып қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертті.