Жануарларды қорлағандар бас бостандығынан айрылуы мүмкін бе?
Жануарларға қатігездік танытқандар бас бостандығынан айрылуы керек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев арнайы заң жобасын қарау кезінде солай деді.
Алматы, NEGE. Бұл – бекер емес. Соңғы уақытта жан-жануарларға қастандық жасайтындар көбейіп кеткен. Жақында 6 жастағы баланың мына әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының жағасын ұстатты. Ол өзі тұрып жатқан үйдің соңғы қабатынан кішкентай мысықты лақтырып, еш алаңсыз үйіне кіріп кетті. Алған жарақаттардан марғау өліп қалды. Енді баланың ата-анасы жауапқа тартылады. Алайда біздің елде жануарларға қатігездік танытқандардың жазасы тек айыппұлмен шектелетіні белгілі. Бостандықтан айыратын норма заңда қарастырылмаған. Сол себепті қоғам арасында ит-мысықтарға деген жауапкершілік жоқ. Осы орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселені қолға алып, тиісті заң әзірлеуге кірісті. Бүгін бұл құжат жануарлар қорғаушыларымен бірге қызу талқыланды.
Жануарларды қорғау қауымдастығының басшысы Лилия Сәрсенова: "2 минутта Қазақстан жануарлар құқығын қорғауға бағытталған конвенцияға қосылуы керек. Біз қарастырып отырған заң жобасы жануарлардың иелері, ветеринарлар, ауыл шаруашылығындағы жануарларға қатысты мәселелерді қамтитын болады. Құжат адамдардың жауапкершілігін арттыруы тиіс. Цирк пен хайуанаттар бағының әрекеттері де реттеледі. Сондай-ақ, жабайы аңдарды ұстағандар да осы заңға ілігеді" деді.
Қазір қолданысқа заңнамаға сәйкес, жаза тек әкімшілік кодекспен қарастырылған. Ендігі ұсыныс - қылмыстық кодекске өзгеріс енгізу. Жаңа құжат қоғам арасында көп дау туғызды. Ұсыныстар да аз емес. Мәселен, зообелсенділердің бірі жануарларды қорғауды мектеп бағдарламасына енгізу керек деп есептейді. Айта кетейік, соңғы 5 жылда қаңғыбас ит-мысықтардың саны 21 пайызға артты. Ал оларды аулауға бөлінген қаражаттың көлемі 50 пайызға өсті. Мамандар ақшаның орынды жұмсалғанына күмәнданып отыр.