«Жаңбыр жауса, жылаймыз»: Таразда екі жүздей тұрғын шатыры шұрық тесік үйде тұруға мәжбүр

Таразда 200-дей адам тұрып жатқан 48 пәтердің иесі тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін үш жыл бойы құжат жинап, тапсырған. Алайда өтініш қараусыз қалған. Өйткені көпқабатты үй әлі күнге дейін әкімдіктің кондоминиум тізіміне енгізілмеген.

Видеодан кадр/inbusiness.kz

Астана, NEGE. Жарты ғасыр бұрын салынған көпқабатты тұрғын үй қаланың орталық аудандарының бірінде орналасқан. Atameken Business арнасы тілшісінің мәлімдеуінше, құбыры тозған, шатыры тесілген, қабырғаларында жарықтар пайда болған үйдің тұрғындары құбырларды жамап, қыстан әзер шыққан. Көктемгі жауын-шашын басталғалы мәселе қайта ушыға түскен. 

Тұрғындар мұндай жағдай төрт жыл бойы қайталанып келе жатқанын айтады. Төбеден аққан судан үйдің ішін дым тартып, көгеріп кеткен, қабырғаның сылағы түсіп, жарықтар пайда болған.

«Жаңбыр жауса, ел қуанса, біз жылаймыз. Өйткені жаңбыр жауған күні бізде – трагедия. Құдайдан "Ток атылып кетпесе екен" деп тілеп отырамыз. Көпқабатты үйде тұрып жатыр деген атымыз болмаса, су жоқ – сыздықтап  ағады. Жылу жүйесі де жетісіп тұрған жоқ», – дейді Тараз тұрғыны Толқын Есеева.

«Өзімізді өркениеттен ажырап қалғандай сезінеміз» деген тұрғындар жылу және электрмен жабдықтау жүйелері де әбден тозғанын айтады. Үйдің жертөлесін ара-тұра кәріз сулары басып кетеді. Ескі құбырлар жөндеуге келмейді. Бөлмелерді жағымсыз иіс алып кеткен.

Тұрғындардың бірі Меруерт Сәметованың айтуынша, әкімдіктегілер жылда «жөндеу жүргізіледі» деп уәде бергенімен, үш жылдан бері ештеңе өзгере қоймаған.

Шенеуніктер тұрғын үйдегі мәселені мойындап отырғанымен, пәтер иелері қажет құжаттарды толық тапсырмағанын алға  тартады. Сол себепті үй кондоминиум тізіміне енгізілмеген. Оның үстіне, тізімге кірген 73 үйдің өзі былтырдан бері жөнделмей тұр, өйткені жаңғырту бағдарламасына қаржы бөлінбеген. Бұл үйдің де қашан жөнделетіні әзірге белгісіз.

Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Нұржан Бақырбаевтың айтуынша, 2018 жылы тұрғындармен кондоминиум жөнінде жиналыс өткізген. 

«Көбі келіскен жоқ. Сол үшін Макаров көшесі, 20Б мекенжайындағы үй тізімге енгізілмеді», – деді Тараз қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Нұржан Бақырбаев.

Ресми мәліметке сәйкес, қалада тағы 538 көпқабатты тұрғын үй жөндеуді қажет етеді.

Қазір оқып жатыр

Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот үкімі өзгеріссіз қалды

Тоқаев Мадьярды сайлаудағы жеңісімен құттықтады

«Машалла», «иншалла» сөздерін қолдану қаншалықты орынды?

Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласынан «Достық» станциясындағы терминал тәркіленді