2 декабря 2025 г. 14:27

Спорт журналисі: Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегінің жарнамасы әлсіз

Фото: ©lasvegassun.com

7 желтоқстан күні орта салмақта WBO және IBF тұжырымдарының чемпионы Жәнібек Әлімханұлы WBA титулының иегері кубалық Эрисланди Лараға қарсы жұдырықтасады. 

Астана, NEGE. Айтулы бокс кешінің басталуына санаулы күн қалды. Жәнібек Әлімханұлы үшін бұл кездесу өте маңызды. Себебі 3 титул сарапқа салынады. Спорт журналисі Аслан Қаженовтің айтуынша, боксшының бұл жекпе-жегін насихаттау төмен деңгейде өтіп жатыр.

«Жәнібектің жекпе-жегіне санаулы уақыт қалды. Өкініштісі, жарнамасы төмен, насихаты аз. Бұл жұмыстар бірер күн немесе бір апта қалғанда емес жекпе-жегі өткізілетін күн белгілі болғаннан бастап жүру керек еді. 3 титулға таласайын деп тұрған алғашқы қазақ, екінші қазақстандық. Кезінде Геннадий Головкин дәл осындай позицияда болған. Геннадий сол кезде үш белдікті біріктіріп, әлемге әйгілі болды. Енді сол жолды қайталайын деп тұрған – Жәнібек. Ол дәл қазір орта салмақтағы әлемнің ең мықты боксшыларының бірі саналады және ең жарқын жекпе-жектердің бірін өткізейін деп жатыр», – дейді ол.

Астанада өткен Жәнібек Әлімханұлының кездесуінде де насихат төмен деңгейде болған.

Спорт журналисінің айтуынша, бұл жекпе-жектертің маңызын жастарға түсіндіру керек. Боксшымен жұдырықтасатын 42 жастағы Эрисланди Лара тәжірибесі мен тактикалық шеберлігімен танымал. Ол Әлімханұлының карьерасындағы ең күрделі қарсыластардың бірі саналады.

«Бұл – мемлекеттік идеология үшін де өте жақсы құрал. Жәнібектің жетістігін жастарға көрсетуге, оның жекпе-жегінің маңызын түсіндіруге болады. Бірақ осы тұста да бәрінің үнсіз отырғаны түсініксіз. Әріптестермен талқыласақ та нақты себебін таба алмадық. Мүмкін, Жәнібектің командасының белсенділігі төмен шығар. Мүмкін, жауапты тараптардың өзі оны насихаттауға мүдделі емес шығар. Әйтеуір түсініксіз дүниелер көп. Головкинмен салыстырамыз ғой. Үлкен сауда желілері, түрлі компаниялар, TechnoDom сияқты брендтер бір флешмоб, акциялар ұйымдастырып жататын. Бірақ қазір ондай қадамдарды байқап отырған жоқпыз», – дейді Аслан Қаженов.

Жәнібек Әлімханұлының кездесу алдындағы дайындығын білу үшін NEGE редакциясы боксшының менеджері Берік Сұлтанға хабарласты. Оның айтуынша, боксшының дайындығы жоғары деңгейде. Ешқандай жарақаты жоқ.

«Қарсылас осал емес. Әлемді мойындатқан, өз салмағында әлем чемпионы болған кубалық мықты, әккі спортшы, тәжірибесі өте жоғары. Жарақатсыз, қиындықсыз спарингтерді аяқтап алдық. Енді тек салмақ қана қалды», – деді Берік Сұлтан.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде қолдап жазылып жатқан жазбалар мен түрлі роликтер боксшыға әсер етеді. Жанкүйері мен қолдаушысы көп спортшыға бұл қосымша мотивация.

«Егер спортшы қанша тер төгіп, жеңіске жетсе де, оны қолдайтын, қуанатын адам болмаса, ол да бір бөлек, жаман сезім», – деді ол.

Айта кетейік, жекпе-жек 7 желтоқсан күні АҚШ-тың Техас штатында орналасқан Сан-Антонио қаласында өтеді.