Жәнібек Әлімханұлы IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуінен айырылды

Бұл жөнінде 10 наурызда Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков хабарлады.

instagram.com/janibek_alimkhanuly

Астана, NEGE. Оның мәлімдеуінше, Халықаралық бокс федерациясы (IBF) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан айырған.

«Бүгін, тура бір сағат бұрын IBF шешім шығарды. IBF-тің қатаң ережелері бар, олар өз хатында осыған сілтеме жасады.

Олардың хатына сәйкес, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін шеттетілді. Олардың ережелерінде кез келген салмақ дәрежесіндегі чемпион өз белбеуін тоғыз ай бойы қорғауы керек деп көрсетілген, яғни Жәнібек оны 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін қорғауы керек.

Қазіргі жағдайға байланысты 2026 жылдың 5 наурызында IBF директорлар кеңесі титулды дереу бос деп жариялау туралы шешім қабылдады», – деп жазды Ерденбеков.

Жәнібектің командасы бұл іс бойынша апелляциялық шағым түсірген.

Еске салсақ, бұған дейін Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) Жәнібек Әлімханұлын 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап жарыстардан бір жылға шеттеткен еді. Оған допинг-тестінің мельдонийге оң нәтиже көрсетуі себеп болды.