8 января 2020 г. 16:30

Жанармай мен коммуналдық төлемнің қымбаттайтын күні белгілі

Фото:

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі жанармай акцизі құнының 10 теңгеге қымбаттайтынын мәлімдеген еді. 

Алматы, NEGE. Министрлік әуелгіде баға 2019 жылдың желтоқсанынан бастап қымбаттайтынын айтқанмен, сол кездегі Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин акцизіне қатысты 2019 жылы ешқандай өзгеріс болмайтынын атап өткен еді. Бір қызығы, мамандар жанармай бағасын Ресеймен салыстырып, шүкіршілік етуге шақырған. «Ресейде жанармай құны пәлен теңге, біз де соған жетіп қалуымыз ықтимал» деген болжамды алға тартқандар Қазақстан экономикасын Ресеймен салыстырып бәйек болады. Мәселен, бізде АИ-91 бағасы 163 теңге болса, Ресейде литрі 260 теңге екен. 

Дегенмен, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жанармай бағасының 10 теңгеге қымбаттауы инфляцияға, шағын және орта бизнес өнімдеріндегі акциз құнының өсуіне айтарлықтай әсер етпейді  десе де, жанармай бағасының шарықтауы билет құнының да аспандауына әсер ететіні сөзсіз.

 2020 жылдың 1 қаңтарынан бензин акцизі екі еседей өсіп, тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін көтерілді. Сонымен, 20 қаңтардан бастап бензин бағасы литріне 10 теңгеге өсетіні белгілі болды.  Алматы облысы мен Алматы қаласында коммуналдық төлемдер 25 қаңтардан қымбаттамақ.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, мұнай өнімдері акцизін өсіру әлеуметтік салаға бөлінетін бюджеттік қаржының орнын толтыру қажеттілігінен туындады.

«Республикалық бюджет жобасында әлеуметтік салаға алты триллион теңгеге жуық қаражат қарастырылған. 2019 жылы бұл мақсатқа 5,3 триллион теңге бөлінген еді», – деп атап өтті Смайылов.

Бұдан бөлек, микро және шағын бизнестің үш жылға салықтан босатылуы республикалық бюджеттің кіріс бөлігін азайтатын көрінеді.

Демек, Үкімет «бюджеттің қомақты бөлігі әлеуметтік салаға кетіп жатыр» деп, оны қайтадан халықтың қалтасы арқылы толтыруды көздеп отырған жоқ па? Себебі, Смайыловтың өзі: «Бензин акцизін көтеру нәтижесінде мемлекеттік бюджетке қосымша 50 миллиард теңге түседі деп көзделген» дегенді айтқан.

Тегтер: