Жаңаөзенде төрт тонна мұнай өнімі тәркіленді

Жаңаөзен қаласында мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысы бар ер адам ұсталды. Полиция күдіктіден төрт тонналық ыдысқа құйылған мұнай өнімдерін тәркіледі.

Видеодан скриншот/ ІІМ

Астана, NEGE. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, заңсыз айналым дерегін полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен арнайы бөлімше қызметкерлері бірлескен жедел іс-шара барысында анықтаған.

Полицейлер күдіктіні Жаңаөзендегі Рауан шағынауданының өнеркәсіптік аймағында орналасқан жеке базада ұстады. Нысан аумағынан мұнай өнімдері құйылған төрт тонналық ыдыс табылды.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта мұнай өнімдерінің шығу тегі және оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.