Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары ауруханаға демеуші бөлген қаржыны жымқыру ісі бойынша тексерілуде
Қаржылық мониторинг агенттігі Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген қаражаттың жымқырылуына қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Астана, NEGE. Агенттіктің ақпараты бойынша, 2025 жылы Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек көрсетуді сұрап, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға жүгінген. Жобаны іске асыруға 223 млн теңге бөлінген. Қаражат «ӨзенМұнайГаз» АҚ арқылы «Жарылқау» қоғамдық қорына аударылған.
Бастапқыда жоба аясында медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алу және мамандарды оқыту жоспарланған. Алайда кейін жобаның шарттары өзгертіліп, қоғамдық қор, қалалық аурухана және «AKBS Invest» ЖШС арасында жалпы құны 210 млн теңге болатын, күйікке шалдыққан науқастарға арналған небәрі екі арнайы кереует сатып алу туралы үшжақты шарт жасалған.
«Жабдық сатып алуға небәрі 92 млн теңге жұмсалған. Тергеу нұсқасы бойынша, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысушылар арасында бөлінген», – деп хабарлады ҚМА өкілдері.
Тергеу деректері бойынша, бұл заңсыз әрекетке қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім берушінің қатысы бар. «AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық жолмен табылған қаражатқа елордадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.
«Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегімен тергеу басталды. Үш күдікті қамауға алынды», – делінген ведомство хабарламасында.
Соттың санкциясымен олардың мүлкіне, соның ішінде 3 пәтерге, 2 тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.