10 февраля 2026 г. 11:36

«Жаңа тарихи дәуір»: Тоқаев жаңа Конституция жобасының мән-маңызына тоқталды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге жол ашатынына сенім білдірді.

Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, жаңа Конституция жобасы жекелеген түзетулер енгізілген жоба емес. 

«Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жаңа тарихи дәуірде мемлекеттің негіздерін түбегейлі қайта құру, қоғамдық сананы жаңғырту.

Жаңа Конституцияның жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген. Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынтымағымызды, береке-бірлігімізді сақтай отырып, эволюциялық, яғни табиғи жолмен дамып келеміз. Бұл – өте маңызды. Бұдан басқа жол жоқ.

Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Қалай десек те, Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазіргі Конституцияның мән-маңызына, ондағы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне тоқталып өтті.

«Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы.

Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды», – деді Тоқаев.

Президент сол кезден бері Қазақстанның «адам танымастай өзгергенін» атап өтті.

«Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды

Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас.

Сондықтан еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды», – деп түйіндеді ойын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия 31 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады.