20 января 2026 г. 13:14

Жаңа парламент «Құрылтай» деп аталмақ

Фото: Мәжіліс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламентті «Құрылтай» деп атауды ұсынды.

Астана, NEGE. Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз алған Мемлекет басшысы парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобында талқыланған мәселелерге тоқталып өтті.

«Менің бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды.

Негізгі пікірталас жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады, құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді деген сауалдар жөнінде өрбіді. Бұл терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті, шешуші мәселе болды дер едім. Қазір мен ұлттық құрылтайдың төрінен сіздерге жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді», – деді ол.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламентті «Құрылтай» деп атауды ұсынғанын айтып өтті. Өйткені, Президенттің пікірінше, бұл сөздің тарихы да, мағынасы да халыққа түсінікті.

«Ең алдымен болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірді айтсам. Қысқаша айтқанда, «Құрылтай» деген атау беру керек деп санаймын.

Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бірпалаталы Парламентте 145 депутат болады.

«Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа Парламентте төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек деген талап қойылған.