Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жаңа пәндер енгізіледі

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінің білім беру бағдарламасына бірнеше жаңа міндетті пән енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Оқу-ағарту министрлігі

Астана, NEGE. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, 5–7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері», 8–11 сыныптар үшін «Заң және тәртіп», ал 5–11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстары оқытылады.

«Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұнына бірқатар жаңа курстар енгізілді. 5–7 сынып оқушылары үшін "Конституция негіздері" пәні енгізілді. 8–11 сынып оқушыларына "Заң және тәртіп" міндетті курсы оқытылатын болады. Сонымен бірге 5–11 сыныптарда "Жеке қауіпсіздік" міндетті курсы енгізілмек», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сондай-ақ, келесі оқу жылынан бастап 8–9 сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәні де қайта енгізіледі. Ал бұған дейін таңдау пәні ретінде жүрген «Құқық негіздері» енді міндетті пәнге айналады. 

Министрдің сөзінше, бұл пәндер жаңа Конституцияның қағидаттарына толық сәйкестендіріліп, жаңа мазмұнда оқытылады.