Жаңа оқу жылы қарсаңында ІІМ ата-аналарға ескерту жасады
Жаңа оқу жылы қарсаңында Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ескертті. Сондай-ақ мектеп маңындағы жолдар мен оқушыларды тасымалдайтын автобустардың тексерілгенін хабарлады.
Астана, NEGE. ІІМ мәліметінше, оқу жылы басталғанда балалар үйден тыс жерде көбірек уақыт өткізеді: мектепке өздері барып-қайтады, түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысады. Осыған байланысты ата-аналарға балаларымен жол қауіпсіздігі ережелерін тағы бір рет қайталау ұсынылды.
«Балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Балаларға жолды тек белгіленген жерден кесіп өту, жолдан өтер кезде телефон пайдаланбау және құлаққапты шешу, айналаға мұқият қарау қажеттігін ескертіңіздер», – делінген ІІМ үндеуінде.
Жаңа оқу жылы алдында мектептердің маңында жол қауіпсіздігіне қатысты жұмыстар жүргізілген. Балаларды тасымалдайтын автобустар да тексеруден өтті. Анықталған кемшіліктер оқу жылы басталғанға дейін жойылуға тиіс.
Министрлік велосипед, мопед немесе электросамокат мінетін балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін де еске салды. Сонымен қатар ата-аналарға баласының қайда және кіммен жүргенін біліп, онымен жиі сөйлесуге кеңес берілді.
«Бала қиын жағдайға тап болған кезде ата-анасынан қорған табатынына сенімді болуы керек», – деп атап өтті ведомство.
Егер баланың қауіпсіздігіне қатер төнсе, 102 нөміріне немесе 111 байланыс орталығына хабарласуға болады.