Жаңа құрылған «Әділет» партиясын Айбек Дәдебай басқарады
Елімізде жаңа саяси партия құрылды. Бұл ұйымға күні кеше ғана ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы болған Айбек Дәдебай жетекшілік етеді.
Астана, NEGE. Астанада «Әділет» партиясының құрылтай съезі басталды. Жиынға Қазақстанның барлық өңірінен келген мыңға жуық делегат қатысып жатыр.
Съезд барысында партияның бағдарламасы мен Жарғысы бекітіліп, жетекші органдары анықталады. Сондай-ақ партияның алдағы саяси бағыты мен негізгі мақсаттары талқыланбақ.
Съезде сөз сөйлеген саяси кеңес мүшесі Ренат Бектұров партияның басты мақсаты Әділетті Қазақстан құру екенін айтты. Оның сөзінше, партия бағдарламасы бес негізгі құндылыққа негізделген. Олар: әділеттілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс.
«Бұл құндылықтар тек ұран ретінде қалып қоймай, қоғам өмірінің барлық саласында көрініс табуы керек. Сондықтан біз осы қағидаттарды күнделікті өмірге енгізуді көздейміз. Алдағы уақытта сайлауға қатысып, өкілді органдардан орын алуды мақсат етеміз», – деді Ренат Бектұров журналистерге берген пікірінде.
Ал партияның бастамашыл топ өкілі Рауан Кенжеханұлы саяси бәсекеге қатысты көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, кез келген партия заң аясындағы барлық мүмкіндікті пайдаланып, өз орнын табуға ұмтылады.
«Біз ешкіммен бәсекелесуді мақсат етпейміз. Біздің басты міндет – ел дамуына кедергі келтіретін мәселелермен күресу», – деді Рауан Кенжеханұлы.
Партияға төрағалық ететін Айбек Дәдебайдың айтуынша, «Əділет» партиясы ашықтық, әділдік және қоғамдық диалог қағидаттарына сүйеніп жұмыс істеуді мақсат етеді.
«”Әділет” партиясының төрағасы болып сайлану мен үшін үлкен мәртебе және асқан жауапкершілік. ”Әділет” партиясын құрудағы негізгі мақсатымыз қандай? Біздің мұратымыз атақ та, мансап та емес, біз әділетті ел, әділетті қоғам құру үшін біріктік. Қадамымыз оң болсын.
Біз үшін әділдік әсте жалаң ұран емес, ол – мемлекетіміздің тұрақтылығының негізі, ең басты құндылық, қоғамдағы сенімнің өлшемі», – деді Дәдебай сөйлеген сөзінде.
Партия өз қызметін заң үстемдігіне, тиімді мемлекеттік институттарды қалыптастыруға, өңірлерді дамытуға, әділетті экономика құруға, әлеуметтік қолдау мен цифрландыруға бағыттайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ұйым «Таза Қазақстан» бастамасын негізгі басымдықтарының бірі ретінде атады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы бұған дейін Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарып келген Айбек Дәдебайдың жұмысына жоғары баға беріп, зор ризашылығын білдіріп, оны қоғамдық-саяси бағыттағы жұмыстармен айналысуға жіберді.