11 февраля 2026 г. 15:57

Жаңа Конституция жобасы референдумға шығаруға дайын

Фото: Конституциялық комиссия

Бұл жөнінде Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімова мәлімдеді.

Астана, NEGE. Қорытынды жиында Әзімова Конституция жобасына қатысты барлық ұсыныс ескерілгенін, Комиссия мүшелерінің басым бөлігі жаңа Ата Заң жобасын республикалық референдумға шығаруды қолдайтынын атап өтті.

«Тіпті сын тұрғысынан айтылған пікірлердің өзі комиссияға мәтінді жетілдіруге түрткі болды. Біз әрбір уәжді жан-жақты саралап, халықаралық тәжірбие мен ұлттық мүддені өзара сабақтастыра отырып, салмақты шешімдер қабылдауға ұмтылдық.

Конституциялық комиссияның миссиясы басынан бастап айқын болды. Ол азаматтардың көпшілігінің еркін көрсететін құқықтары мен міндеттерін, тепе-теңдігін қамтамасыз ететін, мемлекеттілікті нығайтып, адам құқықтарының кепілдіктерін қорғауға бақытталған үйлесімді, салмақты Ата Заң моделін әзірлеу болды.

Бірнеше отырыс барысында талқыланған мәтін түбегейлі жетілдіріліп, түскен ұсыныстар ескерілді. Көптеген баптар тікелей жобада көрініс тапса, басқалары мәтіндік нұсқада және концептуалдық шешімдерге әсер етті», – деп мәлімдеді комиссия төрағасы. 

Сондай-ақ Әзімова Конституциялық комиссия түрлі сала өкілдерінен жиналған 130 азаматтан құралғанын, жобада жаңадан адвокат мәртебесі, меншік құқығының кепілдіктері, мемлекет тарапынан келтірілген зиянды өтеу құқығы, экологиялық қауіпсіздік, азаматтық мәселелер, басқару формасы сияқты нормалар қамтылғанын атап өтті.

«Комиссия Президент жанындағы консультативтік кеңестік орган болғандықтан, көпшілік пікірін ескере отырып, Мемлекет басшысына пысықталған жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсыну қажет деп санаймын.

Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда Контитуциялық реформалар жөніндегі комиссия миссиясы өз мәресіне жетті деп саналады», – деді Әзімова.

Оның айтуынша, комиссия жұмысының қорытындысы Президентке баяндалады. Конституция жобасының түзетілген жобасы ресми сайттар мен арналарда жарияланады.