19 июля 2025 г. 11:11

Жәмилә Бақбергенова Мажарстандағы турнирде күміс медаль жеңіп алды

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан Polyák Imre & Varga János Memorial халықаралық турнирінде қазақстандық балуан Жәмилә Бақбергенова күміс медаль иеленді.

АЛМАТЫ, NEGE. Әйелдер күресінен әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері саналатын спортшы 72 келі салмақта финалға дейін сүрінбей жетіп, шешуші белдесуде үндістандық Харшита Харшитаға жол берді.

Қазақстан құрамасының еншісіне тағы бір жүлде түсті: 57 келіде өнер көрсеткен Нилуфар Райымова қола медаль жеңіп алды.

Турнир барысында ел намысын тағы бірнеше спортшы қорғайды. Атап айтқанда, Тыныс Дүбек (62 келі), Ирина Казюлина (68 келі) және Эльмира Сыздықова (76 келі) бозкілемге шығады.

Алдағы күндері жарысты грек-рим күресінің балуандары жалғастырады.

Айта кетейік, Будапешттегі халықаралық додаға 14 елден 99 балуан қатысып жатыр. Турнир 20 шілдеде өз мәресіне жетеді.