15 января 2020 г. 15:36

Жамбылда тағы жасөспірім зорланды

Фото:

Жамбыл облысының бір ауылында мектеп оқушысы босанып қалды. Бұл туралы Время газеті жазды. Жаңа туған сәбидің әкесі кім екенін тергеу ісі тағайындаған генетикалық сараптама анықтайды. Оқушы қызды өзі құралпы жеткіншек балалар зорлаған екен.

Сенімді ақпарат көзінің айтуынша, оқушы қызды өткен жылдың наурыз айында, дүкенге нанға бара жатқан жерінде екі жасөспірім көшеде ұстап алып, иесіз тұрған ескі үйдің ішіне апарып зорлаған. Қыз айқайлап, көмек сұрағанымен оған ешкім көмекке келмепті. Екеудің бірі егер «бұл істі біреуге айтып қойсаң, өлтіреміз» деп қорқытқан екен, әбден үрейленіп қалған қыз ешкімге жақ ашпаған. Одан кейін әлгі балалар мамыр айында қызды тағы да жаңағы ескі үйге алдап шақырып алған. Сол жерде екеулеп тағы да зорлайды.

Қызының аяғы ауырлап қалғанын шешесі кейіннен біледі. Қызында жеріктіктің белгілері байқала бастаған. Көз алдында жап-жақсы жүрген қызының кенеттен құсып, тәбеті бұзыла бастағанынан күдіктенген шешесі оны жекеменшік гинекологқа апарады. Сол жерде оқушы қыздың аяғы ауыр екені анықталыпты.

Тек шешесі құқық қорғау орындарына арыз түсіргеннен кейін ғана оқушы қыз болған жайдың бәрін айтып береді. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қыз зорлау ісіне күдікті ретінде сол ауылдың екі жеткіншек баласы жауапқа тартылады. Алайда, олар өздері жасаған қылмысын мойындамай отыр. Тергеу өндірісінде жатқан істің нүктесін енді генетикалық сараптама қоятын болады.

«Күдіктілер анықталды. Олардың қылмысын мойнына қою үшін жасалатын генетикалық сараптама жуырда ғана тағайындалды. Сараптама нәтижесінен кейін қылмыскерлер міндетті түрде заңды жазасын алатын болады. Қазір бұл іс облыстық полиция департаменті басшысының жеке назарында», –   дейді облыстық полиция департаментінің өкілі Құндыз Бөгенбаева.

Естуімізше, осы келеңсіз оқиғадан кейін ойнақтап жүріп от басқан жеткіншектер оқитын мектептің директоры өз еркімен жұмыстан кеткен. Одан бөлек, сол мектептің бірер жауапты қызметкері қатаң сөгіс алып, жұмыстан шығарылыпты.

Айта кету керек, жүкті боп қалған қыз денсаулығында ақауы бар балаларға арналған арнайы инклюзивті бағдарламамен оқытылатын шәкірт көрінеді.

Тегтер: