Жамбыл облысында толассыз жауған жаңбыр салдарынан сел жүрді

Жамбыл облысында қатты жаңбыр салдарынан сел жүрді, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.

Алматы, NEGE. «23 маусым күні сағат 20.00-де Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылында бұршақ аралас нөсер жаңбыр түріндегі жауын-шашынның салдарынан Ргайта өзенінің арнасын бойлай сел жүріп өтті. Соның салдарынан ауылдың жол төсеніші су астында қалып, ағын судан жеке тұрғын үйлердің екі қосалқы ғимараты зақымданған. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.

Алдын ала ақпарат бойынша, мал шығыны бар.

Хабарланғандай, залалды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оқиға орнына ТЖ департаментінің сегіз қызметкері мен екі техникасы, жергілікті атқарушы органдардан бес қызметкері мен екі техникасы шықты.