Жамбыл облысында коронавирус белең алып тұр
Жамбыл облысында тағы үш адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды «Хабар 24». Оның біреуі – Қордай, екеуі – Жамбыл ауданының тұрғындары.
Алматы, NEGE. Бұл азаматтардың бұған дейін науқастармен байланыста болғаны анықталды. Бірнеше күн бұрын карантиндік стационарға оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Айта кету керек, бұл жолы індетті жұқтырғандардың арасында карантиндік стационардың кіші медициналық қызметкері де бар. Ол дене қызуы көтеріліп, тамағының ауырғанына шағымданғаннан кейін провизорлық стационарға жатқызылған. Жалпы Жамбыл облысында дерт әсіресе Қордай ауданында белең алып тұр. Бүгінге дейін өңірде 49 адамнан вирус анықталған, соның отызы осы ауданда. Марат Жұманқұлов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: – Бүгінгі таңда инфекциялық стационарда 43 науқас жатыр. Олардың отыз сегізінде жеңіл дәрежеде өтуде. Төртеуінде орташа дәрежеде, біреуінде ауыр дәрежеде өтіп жатыр. Олар керекті емдерін алып жатыр. Коронавирус инфекциясына 2280-дей зерделеу жүргізілді. Олардың 49-ы оң нәтиже көрсетті. 2170-і теріс нәтиже көрсетті. Қалған зерделеулердің барлығы жұмыс үстінде.