25 августа 2022 г. 15:16

Жамбыл облысында 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

Фото:

Елімізде жыл өткен сайын мектеп саны көбейіп, оқушылардың білімге құштарлығы артып келеді. Білім саласы жергілікті әкімдіктің, министрліктің және Үкіметтің де назарынан түскен емес. Қазақстанда «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы жуырда өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтқан еді.

Алматы, NEGE. Жамбыл облысы білім ізденген талапкерлерге қашан да қолдау көрсетіп отырады. Өңірде жаңа оқу жылында 6 жаңа мектеп пайдалануға берілгелі тұр. Жыл соңына дейін тағы 4 жаңа мектептің құрылысы аяқталады. Бұл туралы дәстүрлі тамыз кеңесінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов хабарлады.

Оқушылар сарайында өткен білім қызметкерлерінің облыстық тамыз конференциясына ұстаздар, еңбек ардагерлері, облыстық құқық қорғау органдары мен облыстық басқармалар, департаменттердің басшылары, аудандар мен Тараз қаласы әкiмдерiнің орынбасарлары, кәсіподақ ұйымының өкілдері, аудандық, Тараз қалалық бiлiм бөлімдерінің, колледждер мен мектептердің, мектепке дейiнгi және мектептен тыс мекемелердiң басшылары қатысты.

Алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға, туындап отырған өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларға жан-жақты тоқталып өтті.

«Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Биыл білім саласына 236 млрд.теңге бөлінді десек, бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіре түсу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Ағымдағы жылы 22 білім нысанының құрылысына 7,6 млрд. теңге қаржы қарастырылып, 6-ы пайдалануға берілді.

Жыл соңына дейін қалған 10 мектеп құрылысы толық аяқталады. Оның 6-ы жаңа оқу жылында оқушылар үшін есігін айқара ашпақ. Ал, 6 нысанның құрылысы 2023 жылы аяқталады.

Нәтижесінде, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі.

Бұдан бөлек, 4,2 млрд. теңгеге 19 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен 700,6 млн теңге бөлініп, жаңа үлгідегі кабинеттер жасақталуда. Бұл жұмыстардың сапалы, әрі мерзімінде орындалуын білім және құрылыс басқармаларына, аудан және қала әкімдерге тапсырамын!

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі де басты назарда!

Мектепке дейінгі ұйымдардағы осал топтағы отбасы балаларының тамақтану ақысын жергілікті бюджет есебінен субсидиялауға 100 млн. теңге бөлінді. Балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігі және білікті кадрмен қамтамасыз ету жұмыстарына да айрықша көңіл бөлінуде. Осы орайда, қойылған талап пен сапаны арттыру мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау тәртібін қайтару қолға алынды. Бұл шараны бақылау білім басқармасы мен білім бөлімдеріне жүктеледі», – деді Нұржан Нұржігітов.

Тегтер: