27 июля 2022 г. 14:16

Жамбыл облысында 125 гектар аумақта өскен қарасора өртелді

Фото:

Есірткіге қарсы күрес аясында, 1 маусымнан бастап 31 қазанға дейін республика аумағында кең ауқымды «Қарасора» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оған Жамбыл облысының полицейлері аянбай ат салысып келеді. Нәтиже жаман емес. Айталық, Полиция департаментінің мәліметінше, облыс аумағында 286 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелсе, заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленген.

Тараз, NEGE. Басқа шаруаны ысыра тұрып, полиция департаментінің жеке құрамы «қаңтар оқиғасы» кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ұрланған атыс қаруларын іздеу жұмыстарына жіберілген. Соның өзінде көрсеткіш осындай.

Бұдан бөлек, синтетикалық есірткі арнасы анықталып, жолы кесілді. Ресей Федерациясынан Тараз қаласына тасымалдап келген күдіктінің үйінен есірткі лабораториясы да анықталып отыр. Тәркіленген есірткі заттарының құны орта есеппен «қара нарықта» 208 миллион теңгеге жуықтайды. Тәркіленген прекурсорлардың салмағы 137 тоннадан асып жығылған.

Жабайы қарасораны жоюға бағытталған  іс-шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Бүгінде Шу, Меркі, Т. Рысқұлов және Байзақ аудандарында 125 гектар жерде өскен 31 тоннадан астам қарасора өртелді. Мысалы, Шу ауданында жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің және орман шаруашылығының қатысуымен 100 гектардан астам жер шабылып, 20 тоннадан астам жабайы қарасора өртелді.

 

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Есірткіге қарсы күрес – тек полицейлердің ғана емес, қоғамның да міндеті. Алдын алу шаралары, яғни профилактикалық жұмыстың маңызы зор. Сондықтан жыл басынан бері Білім беру және денсаулық сақтау басқармасы, туризм және спорт мекемелерімен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, орта және жоғары оқу орындарының оқушылары арасында түрлі форматта 345 іс-шара өткізілген. Есірткі қолданбауға шақыратын бірнеше бейнеролик шығарылды.

Маусым айының аяғында Премьер министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың қатысуымен облыс аумағында есірткі қылмысына қарсы тұру бойынша республикалық айлығы өтті. Айлық барысында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе ауқымды шаралар жасалды.

Республикалық «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты – «солтүстік бағыты» бойынша есірткі заттарының транзитіне тосқауыл қою.  

Іс-шара кезінде 28 жедел мобильдік топ құрылып, Полиция департаментінің 100 қызметкері, сондай-ақ 6 қызметтік-іздестіру иттері, 39 автокөлік және 134 бірлік арнайы құралдар бөлінді.

Облыстың құмды аймақтарынан есірткі заттарын Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстарына қарай тасу арналарын жабу мақсатында 4 мобильдік топ қойылды.

Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап қарасораның қарқынды өсетін аумақтарында барлау-іздестіру жұмыстарын жүргізу мақсатында пилотсыз ұшу аппараттары қолданылып жатыр. Олармен осы кезеңге дейін 35 рет ұшу іс-шаралары жүргізілді. Мысалы, Шу ауданының құмды аумағында ұшу аппаратын қолдану нәтижесінде 517 келі «марихуана» есірткі затын дайындау барысында 41 жастағы облыс тұрғыны ұсталды.   

Осы жылы «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасының 44 күндік нәтижесі бойынша облыс аумағында 88 есірткіге қатысты құқық бұзушылығы тіркелді. Оның 35 дерегі – қылмыс және 53 дерегі – қылмыстық теріс қылық.

Заңсыз айналымнан 751 келіге жуық әртүрлі есірткі заттары алынып отыр.  

Тегтер: