Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарында шекарада бақылау күшейтілді

Ішкі істер министрлігі шекара маңындағы өңірлерде жанар-жағармайды заңсыз әкетуге және көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтауға қарсы шаралар күшейтілгенін хабарлады.

Видеодан кадр/polisia.kz

Астана, NEGE. Қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадағы 48 автокөлік өткізу пунктінде патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«Шекара маңында орналасқан Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарына ерекше назар аударылуда. Бұл өңірлерде жанар-жағармайды заңсыз әкетудің жолын кесу, сондай-ақ конструкциясы өз бетінше өзгертілген көлік құралдарын анықтау бойынша қосымша шаралар қолға алынуда», – делінген ІІМ хабарламасында.

Сонымен қатар ведомство өкілдері автокөліктерді заңсыз қайта жабдықтайтын немесе қажетті тіркеу және рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейтін техникалық қызмет көрсету станциялары (ТҚС) анықталып жатқанын мәлімдеді.

Мәселен, Қордай ауданындағы Қордай ауылында полиция қызметкерлері мемлекеттік кірістер органдарының өкілдерімен бірлесіп, қосымша жанармай бактарын орнатумен айналысатын 16 техникалық қызмет көрсету станциясын тексерген. Нәтижесінде алты нысанның иесіне қатысты әкімшілік материалдар жиналды.

«Тек соңғы бір айдың өзінде полиция қызметкерлері шамамен 12 тонна жанар-жағармай материалын заңсыз әкетудің жолын кесті. Сонымен қатар жанармай бактары қайта жабдықталған 54 автокөлік анықталды. Олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полицейлер.

Ішкі істер министрлігі мұнай өнімдері мен жанар-жағармай материалдарын ел аумағынан заңсыз шығару әрекеттеріне тосқауыл қоюды ерекше бақылауға алған.