Жамбыл облысының тұрғындары «Әділет» партиясының ауылды дамыту бастамаларын қолдады
«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жамбыл облысына барып, 2,5%-дық жеңілдетілген несие арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған ауыл кәсіпкерлерімен кездесті. Жүздесу барысында тұрғындар мұндай мемлекеттік қолдау ауылда бизнес бастап, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отырғанын айтты.
Бұл сапарда партияның республикалық сайлауалды штабы өңірдегі бірнеше елді мекеніннің тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Кандидаттар Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылына және Нұрлыкент ауылына ат басын тіреді. Шалғайдағы елді мекендерге жету үшін партияның өңірлерді аралап жүрген мобильді керуені көмектесті. Осылайша, Жамбыл облысындағы мобильді керуен мен республикалық штабтың жұмыс кестесі сәйкес келіп, нәтижесінде кандидаттар шалғай ауылдардың тұрғындарымен жүздесуге мүмкіндік алды.
Кездесулердің негізгі тақырыбы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мәселесі болды.
Кандидаттар 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, 14 бас ірі қара сатып алған Қайрат пен Сая Дүйсеқұловтардың отбасылық шаруашылығына барды. Бүгінде олар күніне шамамен 50 литр сүт өндіріп, оны жергілікті кооперативке өткізіп отыр.
«Ауылда да жақсы табыс табуға болады. Осы бағдарламаның арқасында біз сияқты жас отбасылар өз кәсібін бастап, тұрақты табыс тауып, өз күнін өзі көре алады. «Әділет» партиясының бұл жобаны әрі қарай да дамытуды көздеп отырғаны қуантады. Сондықтан 23 тамызда отбасымызбен сайлауға барып, партияны қолдаймыз», – деді ерлі-зайыпты Дүйсеқұловтар.
Партия өкілдері сондай-ақ жеңілдетілген несие бағдарламасының қолдауымен құрылған ALI-KO SUT сүт өңдеу кооперативінің жұмысымен танысты. Бөлінген қаржыға кәсіпорын сүтті қабылдау, салқындату, сақтау және өңдеуге арналған құрал-жабдықтар сатып алған.
Қазір кооперативте 10 адам жұмыс істейді. Ал оған күн сайын жақын маңдағы ауылдардан шамамен 200 тұрғын сүт өткізеді. Соның нәтижесінде кәсіпорын жергілікті шаруашылықтардың өнімін өңдеп, дайын сүт өнімдерін шығарады. Кездесу барысында кәсіпкерлер кандидаттармен ауылдағы кооперацияны дамыту, өнімөңдеу ісін жетілдіру және қолжетімді несиенің ауыл тұрғындарының тұрақты табыс тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына қалай ықпал етіп отырғанын талқылады.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай шағын және орта бизнесті дамыту ел экономикасындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан партияның сайлауалды бағдарламасында кәсіпкерлікті қолдауды күшейту, ауылдық кооперацияны дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған қосымша шаралар көзделген.
Кандидаттар елімізде ауыл тұрғындарын мемлекеттік қолдау шараларын арттыру жұмыстары жалғасып жатқанын еске салды. Биыл осы мақсатта 1 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның 100 млрд теңгесі 2026 жылы бөлінеді. Партия өкілдерінің айтуынша, сайлауалды бағдарламадағы бұл бастамалар ауыл тұрғындарын қолдаудың қолданыстағы тетіктерін жетілдіріп, олардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Партия ұстанымына сәйкес, ауылдың тұрақты дамуы кәсіпкерлікті қолдау мен жаңа жұмыс орындарын ашумен ғана шектелмеуі тиіс. Сондықтан сайлауалды бағдарламада білім сапасын арттыруға да басымдық берілген. Өйткені ең алдымен сапалы білім жастардың туған ауылында қалып, өз болашағын сол жерде құруына негіз бола алады.
Бұл бастамалар сайлауалды бағдарламада жеке бөлім ретінде қамтылған. Екінші ұлттық теледебаттаҚұрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы әрбір бала тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға тиіс екенін атап өтті. Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту үшін партия Ұлттық тірек ауыл мектептері желісін құруды, техникалық бағыттағы мамандандырылған мектептер ашуды, STEM-сыныптарын енгізуді және «English ауылда» бағдарламасын іске қосуды ұсынып отыр.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.