Жамбыл облысында төрт теміржолшының қазасына кінәлілерге үкім шықты

Шу аудандық сотының үкімімен пойыз диспетчері 5 жылға бас бостандығынан айырылса, Сарышаған жол дистанциясының екі қызметкеріне 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үшеуіне де теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.

egemen.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Бас көлік прокуратурасы хабарлады.

Прокуратура мәліметінше, қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 желтоқсанда «Шешенқара – Қаражыңғыл» аралығында болған. Онда жүк пойызы теміржол сүйемелін жөндеумен айналысып жатқан бригаданы басып кеткен.

«Жұмыстар аралықты жаппай және қажетті қауіпсіздік шараларын сақтамай жүргізілген. Пойыз машинисіне жолда адамдардың жүргені туралы уақытылы ескертілмеген», – делінген хабарламада.

Пойыздың басып кетуі салдарынан төрт қызметкер қаза тауып, тағы екі адам жарақат алды.

Іс бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратура қолдаған. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.