16 февраля 2026 г. 15:54

Жамбыл облысында «қайтыс болған» апа бір айдан кейін үйіне оралған

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Таразда қызық жағдай болды: ресми түрде қайтыс болды деп танылған зейнеткер бір айдан кейін зейнетақысын алуға келген.

Астана, NEGE. Сот мәліметінше, 73-тегі апа 2024 жылдың тамызында әпкесімен бірге Тараз қаласына қоныс аударып, ал 2025 жылы Құрбан айт мерекесінен кейін жоғалып кеткен. Әпкесі полицияға хабар берген. Ал сол жылдың тамызында ауылдағы өрістен бір адамның мәйіті табылып, кісі өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Баласы мәйітті анасының денесі деп таныған соң, зейнеткердің қайтыс болғаны туралы жазба тіркеліп, куәлік берілген.

Алайда қыркүйекте «қайтыс болды» деген зейнеткер Жамбыл ауданы Қостөбе ауылындағы ағасының үйіне келген.

Сотта ол Құрбан айт мерекесінен кейін Айша бибі ауылында пияз теріп жұмыс істегенін айтқан. Жұмыс кезінде ол бірге жұмыс істеген әйелдің үйінде тұрған. Кейінірек зейнетақысы түспей қалған соң мән-жайды анықтау үшін Таразға келіп, өзінің қайтыс болды деп танылғанын білген.

Баласы сотта анасының кез келген уақытта туыстарына кетіп, ұзақ уақыт үйде болмайтын әдеті барын айтқан.

«Талап қоюшы анасының құқықтық мәртебесін қалпына келтіру үшін қайтыс болғаны туралы жазбаның күшін жою және оны жарамсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінді.

Жамбыл аудандық соты табылған дененің басқа адамның денесі екенін анықтады. Полиция денені эксгумация жасап, қайта сот-медициналық және генетикалық сараптама тағайындады. Қайтыс болған адамның жеке басы анықталып, қылмыстық іс тоқтатылды», – делінген сот хабарламасында.

Жамбыл аудандық сотының шешімімен қайтыс болу туралы куәлік жарамсыз деп танылып, акт жазбасы жойылды.

Шешім заңды күшіне енді.