Жамбыл облысында алты жасар бала жоспарлы ем қабылдау кезінде қайтыс болды
Қайғылы оқиға Т.Рысқұлова ауданындағы орталық аудандық ауруханада болды. Туыстары бала өлімінің себебін әлі білмейміз және оның медициналық картасын ала алмаймыз деп отыр, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы, NEGE. Баланың нағашысы видеохабарлама жариялап, онда аурухана басшылығы оқиғаның мән-жайын түсіндірмей, ешқандай құжат бермей жатқанын айтқан.
Туыстарының айтуынша, балаға дискинезия — қозғалыс белсенділігінің бұзылуы немесе ішкі ағзалардың, әсіресе өт шығару жолдары моторикасының бұзылуы диагнозы қойылған. Олардың айтуынша, емдеу симптомдарды жеңілдететін, бірақ оның негізгі себебін жоймайтын көмекші «Креон» препаратымен шектелген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеріс жүріп жатқанын, баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілгенін хабарлады.
— Алты жасар бала мен оның әжесі ауруханаға жатқызу порталы арқылы жоспарлы түрде жатқызылды. 2025 жылдың 7 қазанынан бастап клиникалық хаттамаға сәйкес тексерулер мен емдеу жүргізілді. Баланың жағдайы орташа ауырлықта болды. 2025 жылдың 10 қазанында таңғы сағат 6:55-те бала кенеттен қайтыс болды. Қазір өлімнің себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ведомствоның ресми мәлімдемесіне сәйкес, толық ақпарат сараптама қорытындысы алынғаннан кейін беріледі, - делінген хабарламада.
Медициналық мекеме оқиға туралы жергілікті полиция бөліміне хабарлаған. Алайда қылмыстық іс қозғалды ма, жоқ па белгісіз. Полиция департаменті жағдайға қатысты түсінік бермей отыр.
Отбасы бейтарап тергеуді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, баланың анасы екі жыл бұрын дәл осы ауруханада қайтыс болған. Енді отбасы қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап отыр.