Жамбыл облысында 1 млрд теңгедей қаржыға салынған канал опырылып түсті
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылдық округінде былтыр пайдалануға берілген «Қарақат» су каналының қабырғасы құлап қалған. Әлеуметтік желілерде тұрғындардың бірі гидрологиялық нысанның қазіргі жай-күйін көрсететін бейнежазба жариялады.
Астана, NEGE. Тұрғынның айтуынша, нысанның бір бетон қабырғасы ішке қарай құлап кеткен, қалған қабырғасында да жарық пайда болған, ол да көп ұзамай толық опырылып түсуі мүмкін. Ол қазірдің өзінде шлюзді ашу қиындық тудырып отырғанын айтады.
Нысан құрылысын салушылар жоба бойынша үстінен екі, астынан екі арматура қарастырылған деп сендіргенімен, видео авторы екі арматура ғана салынғанын, қабырға содан құлап қалғанын алға тартады. Үнемдеу салдары қабырғаның опырылып құлауына әкелсе керек.
Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, канал қабырғасы биыл 21 маусымда өңірде жауын-шашынның мол түсуі салдарынан құлап қалған. Аудан әкімі мердігер ұйымдардың өкілдерімен бірге нысан басына барып, ақауларды кепілдік міндеттемелеріне сәйкес қалпына келтіруді тапсырған.
«Қазіргі уақытта вегетациялық кезеңге кедергі жоқ, шаруаларға су тұрақты берілуде. Қалпына келтіру жұмыстарын вегетациялық кезең аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылғы тамыз-қыркүйек айларында жүргізу ұсынылды», – деп сендіреді әкімдік өкілдері.
Айта кетейік, Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалуы жөніндегі есеп бойынша, «Қарақат» каналы 983,7 млн теңгеге салынған.