«Жалынып, жылауға дейін бардым»: Ақтауда дәрігерге тап берген ер адам өз шындығын айтты

Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасында хирургтің жағасынан алып, жанжал шығарған Шанжархан есімді ер адам болған жайттың мән-жайын түсіндірді. Оның сөзінше, жанжалға дәрігердің баласына дер кезінде медициналық көмек көрсетпеуі және намысына тиетін сөз айтуы себеп болған.

zholdasbaykyz_/Instagram, видеодан кадр

Астана, NEGE. Шанжарханның айтуынша, 19 қазанда екінші ұлының іші ауырып, дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Жедел жәрдем дәрігерлері баладан соқырішек белгілерін байқап, оны ауруханаға жеткізген.

Алайда, әкесінің сөзінше, ауруханадағы Қанат есімді хирург баланы бірден тексермеген. Шанжарханның айтуынша, бала ішінің ауырғанынан тоқтаусыз жылағанына қарамастан, дене қызуын өлшеу үшін градусник жарты сағаттан кейін ғана қойылған. Ал қан талдауы тағы бір сағаттан кейін алынған.

Шанжарханның сөзінше, талдау нәтижесінде баланың лейкоцит көрсеткіші 21,5 болған.

«Ол – баланың соқырішегі жарылайын деп тұрған белгі. Сол кезде ауруханадағыларға жалынып, жылауға дейін бардым. Көмек бермеді, бәрінің артынан жүгіріп жүрмін, ешкім маған қараған да жоқ. Бір укол салып, жоқ болып кетеді. Мен соны күтіп отырғанымда, олар маған "үйге қайта бер" деп қолхат жазып берді. Көрсете аламын. "Хирургиялық ешқандай белгі байқалған жоқ" деді. Түнгі сағат 23.00-де баламен ауруханада әлі жүрмін. Бала әлі де тоқтаусыз жылап жатыр. Сағат он бірде айқай шығардым», – дейді Шанжархан.

Әкесі аурухана қызметкерлерінен көмек сұрап, баласын жатқызуды талап еткен. Ақыры баланы ауруханаға жатқызған.

Оның айтуынша, баланың дене қызуы түні бойы 39 градустан төмендемеген. Таңертең кезекші ауысымға келген басқа хирург баланы қарап, шұғыл түрде отаға алып кеткен.

Шанжарханның сөзінше, баласы ауруханадан шыққаннан кейін хирург оның әйеліне күйеуімен арадағы жанжалға қатысты намысына тиетін сөздер айтқан. Бірақ бұл туралы ол кейін ғана білген.

«Балам үйге келді, іші жақсы болды. 31 қазан күні балам ауырып, тағы ауруханаға апардым. Алдымнан тағы Қанат шықты. Қарсы алғанда бетіме күліп: "Балаңа қарайын ба, қарамайын ба?" деп мысқылдады. Білемін, бұл – қоғамдық орын, аурухана, түсініп отырмын», – дейді ол.

Шанжархан жанжалдың шығуына осы жағдайлар себеп болғанын айтады.