Жалғыз баспанасы мен автокөлігі барлар мемлекеттік қолдаудан қағылмай ма?
Қазақстан азаматтарының негізгі баспанасы немесе күнделікті қажеттілігіне пайдаланатын автокөлігінің болуы әлеуметтік көмек көрсетуді тоқтатуға негіз болмайды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келер жылдан бастап енгізілетін әлеуметтік көмек көрсетудің жаңартылған тәсілін түсіндіру кезінде мәлімдеді.
Министрлік өкілдерінің нақтылауынша, жаңа жүйе мүліктің бар-жоғын ғана емес, оның көлемі мен өзге де факторлардың жиынтығын бағалайды. Мысалы, 20 жылдық автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасы есептеу кезінде нөлге теңестіріліп, отбасының әл-ауқатын бағалауға әсер етпейді. Тозығы жеткен тұрғын үйге де осындай тәсіл қолданылады.
«Пайдалануға берілгеніне 15 жылдан асқан тұрғын үйге (қабырғасының материалына қарай), сондай-ақ банкте кепілде тұрған жалғыз баспанаға қатысты төмендету коэффициенттері қолданылады», – деп сендірді Еңбек министрлігіндегілер.
Ведомство мәліметінше, есепке табыс әкелетін немесе отбасының жоғары материалдық әл-ауқатын көрсететін ірі активтер ғана алынады. Олар: қатарында бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны, қымбат автокөлік, коммерциялық мақсаттағы ғимараттар, жұмыс істеп тұрған бизнес немесе көлемі 5 гектардан асатын жер учаскелері.
«Сонымен қатар Отбасының цифрлық картасы отбасының нақты шығындарына әсер ететін міндеттемелер мен әлеуметтік жағдайларды да міндетті түрде ескереді. Атап айтқанда, қолданыстағы ипотекалық несие, кредиттер бойынша көп уақыт мерзімі өткен берешек, балаларды, қарт адамдарды, сондай-ақ мүгедектігі бар немесе ауыр созылмалы аурулармен ауыратын отбасы мүшелерін асырау шығындары назарға алынады», – делінген хабарламада.
Министрліктегілер «мемлекеттік қолдауға шынымен мұқтаж отбасылар әлеуметтік төлемдерді толық көлемде алады» деп отыр.