4 ноября 2025 г. 16:34

«Жылқыларды қысқы қораға кіргізе алмай отырмыз»: Алматы ипподромында дау шықты

Фото: NEGE

Алматы ипподромында жалға алушылар «қыс таяған тұста жылқыларды жылы қораға кіргізе алмай отырмыз» деп дабыл қақты.

Жалға алушылардың айтуынша, жылқылар суықтың өтінде, темір қоршаулардың ішінде дірдектеп тұр. Оларға қазір жылы қора керек. Өйткені малдың кейбірі ауруға шалдыққан. Алда келе жатқан аязда олардың аман қалуы екіталай.

Фото: NEGE

«Мен ерекше балаларға арнарған иппотерапиямен айналысамын. Яғни, психикалық және физикалық дамуында ерекшелігі бар балалармен жұмыс істеймін. Қазіргі дау ипподром басшылығының бізді қысқы атқораға кіргізбеуінен шығып отыр.

Светлана Лебелькова, фото: NEGE

Бастапқыда қараша айында, салқын түскен кезде қысқы атқораларға көшеміз деген келісім болған. Сол себепті біз күзгі каникул кезінде жылқыларды қысқы орынға көшіруге дайындық жұмыстарын бастадық. Бірақ дәл сол сәтте бізге: «Барлығын жабыңдар, ештеңе істемеңдер» деп тыйым салынды. Алғашында біз таңғалдық, бірақ кейін «Уайымдамаңыздар, бәрі өз орнына келеді» дегенді естідік. Алайда бүгін-ертең аяз басталғалы тұр, ал біз жылқыларды жылы жерге орналастыра алмай отырмыз», – деді ипподромды жалға алушылардың бірі Светлана Лебелькова.

Лебелькованың айтуынша, жылқылардың көбі кәрі, бұрын спорт жарыстарына қатысқан. Олар әлсіз, ерекше күтімді қажет етеді. Жалға алушылар күн суытқалы бері жылқылардың тоңып, ауырып қалмауы үшін күресіп жүр.

Қоғам белсендісі Талғат Жайсанбаевтың айтуынша, ипподром басшылығы мұны әдейі қолдан жасап отыр. Өйткені олардың бұл жерге басқа жоспары бар көрінеді.

«24 жылқының бәрі спортқа арналған. Олар жай жылқылар емес, оларға ерекше күтім, жылы жер қажет. «Тенгри Инвест» ЖШС осылайша жалға алушыларды ығыстырып жатыр. Олар жайлап ипподромды тазалағысы келеді. 1-2 жылда барлық жалға алушыны шығарады да әкімдікке барып «Ипподромның іші бос тұр, жаңа тұрғын үй кешенін салайық» деп ұсыныс тастайды. Мұның бәрі қолдан жасалып жатқан кедергі. Ипподром иесі Ирландиядан ат әкеліп жатырмыз, осында орналастырамыз дейді. Бұл жерде орын жеткілікті. Сыртта қалған 24 жылқыға да орын бар. Оның барлығы жай әңгіме», – дейді Талғат Жайсанбаев.

Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы пікір білдіріп, мәселені шешуге тырысатынын мәлімдеді.

Дархан Нұрханұлы, фото: NEGE

«Біз ипподромды түгел аралап шықтық. Мен мұнда бірінші рет келіп тұрған жоқпын. Яғни, бұл мәселе туралы әкім мен оның орынбасарлары толық хабардар. Жалпы, осы ипподромның жұмыс істеу жағдайына қатысты мәселе бұрыннан белгілі.

Иппотерапия мәселесіне келсек, біз қазір ипподромның иелерін шетелден келген бойда кездесуге шақырамыз. Менің түсінуімше, қазір олар Қазақстанда жоқ. Жалпы, олар елде жиі болмайтын сияқты. Сондықтан нақты күнін белгілеп, оларға кездесуге ұсыныс жасаймыз, сөйлесіп, ең алдымен иппотерапия мен жылқыларды қыста ұстау мәселесін шешуге тырысамыз. Бұл бизнес болғандықтан, нақты айта алмаймын. Бір шешімге келеміз деген ойдамын», – деді Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы.

Сонымен қатар Спорт басқармасының басшысы аталған компанияның бұл жерді қалай иеленгенін және ипподромның жағдайы неліктен соншалықты нашар екенін, неге ешқандай инвестиция салынбай отырғанын толық тексерілетінін мәлімдеді. Олар бұл сұрақты Алматы қаласының әкімдігі мен прокуратурасы деңгейінде көтермек.

Фото: NEGE

Ипподром басшылығы мәселе көтерілген жиынға келген, алайда белгісіз себептерге байланысты кетіп қалған.

«Басшылық өкілдері бар ма деген сұраққа келсек... Иә, өкіл келген болатын. Бірақ әңгіме «жүріңіз, бос орын бар ма, өз көзіңізбен көріңіз» дегенге келгенде, ол үнсіз кетіп қалды. Біз қазір құлыптаулы тұрған бос атқораның алдында тұрмыз. Егер ішінде басқа жылқылар болғанда, олардың тықырын еститін едік. Яғни, атқора шынында да бос тұр», – деді Светлана Лебелькова.

Фото: NEGE

NEGE тілшісі ипподром басшылығына қоңырау шалып, мәселеге қатысты бірнеше сұрақ қоймақ болған. Алайда, ол қазір қолы бос емес екенін, кейінірек жауап беретінін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде Алматы ипподромының аумағында тұрғын үй кешені салынады деген ақпарат тараған болатын. Кейіннен қала әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.