Жалақы кешіктірілсе, жұмыс берушіден ақшаны өсімпұлмен қалай өндіруге болады?

Жалақы белгіленген күннен кешіктірілсе, қайда жүгінуге болады? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қордау министрлігі жауап берді.

magnific.com

Астана, NEGE. Заң бойынша, Қазақстанда жалақы айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Төлемнің нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді. Егер белгіленген төлем күні демалыс не мереке күніне сәйкес келсе, жалақы одан бұрынғы жұмыс күндері төленеді. 

Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, жалақы кешіктірілген жағдайда, алдымен жұмыскер жұмыс берушіге жүгініп, кешіктіру себебін анықтап, берешекті өтеуді талап ету қажет.

«Мәселе шешілмесе, жұмыскер жұмыс беруші орналасқан жердегі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге құқылы. Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы электрондық форматта да жіберуге болады», – дейді ведомство өкілдері.

Өтінішке еңбек қатынастарын және жалақы бойынша берешекті растайтын қолда бар құжаттарды қоса тапсыру керек. Ол құжаттардың қатарында еңбек шарты, есеп айырысу парақтары, банк көшірмелері, бұйрықтар және өзге де растайтын материалдар болуы мүмкін.

Жұмыс беруші жұмыскерге жалақыны ғана емес, тұрақсыздық айыбын да төлеуге міндетті

Өтініш берілгеннен кейін мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылау іс-шараларын жүргізеді. Берешек фактісі расталса, жұмыс берушіге жалақы бойынша берешекті өтеуге нұсқама беріледі. Нұсқаманың орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылауға алады.

«Сонымен қатар жұмыс беруші жұмыскерге жалақы берешегін ғана емес, кешіктірілген әрбір күнтізбелік күн үшін тұрақсыздық айыбын да төлеуге міндетті. Оның мөлшері жалақы төлеу міндеттемесі орындалған күні қолданыста болған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері бойынша есептеледі», – деп нақтылайды Еңбек министрлігіндегілер.

Жұмыс берушіге қандай жауапкершілік көзделген?

Жалақыны толық көлемде, белгіленген мерзімде төлемегені үшін, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен тұрақсыздық айыбын есептемегені және төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабында қарастырылған айыппұл мөлшері мынадай:

  • лауазымды адамдарға – 30 АЕК (2026 жылы – 129 750 теңге);
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК (2026 жылы – 259 500 теңге);
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (2026 жылы – 432 500 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК (2026 жылы – 648 750 теңге).

Егер жұмыс беруші жалақыны белгіленген мерзімде төлемесе, жұмыскер мемлекеттік еңбек инспекциясы органдарына жүгіне алады.