23 декабря 2019 г. 17:10

Жақсылық Досқалиев: Өлген 10 адамның ағзасы 50 адамға өмір сыйлады

Фото:

Биыл қайтыс болған 10 адамның ағзасы 50 қазақстандықтың өмірін ұзартты. Бұл туралы белгілі хирург, трансплантолог дәрігер Жақсылық Досқалиев айтты.

Алматы, NEGE. Қазіргі таңда «Денсаулық сақтау жүйесі және халық денсаулығы туралы» кодексі жөнінде қоғамдық тыңдау өтіп жатыр. Ж.Досқалиевтің айтуынша, бүгінде шамамен 2800 адам бүйрек донорына зәру. «Олардың саны күн сайын өсіп келеді. Донор кезегін күтіп, өмірден өтіп кеткендері қаншама. Бауыр трансплантациясына шамамен 500 адам кезекте тұрса, жүрекке – 110 адам, ал 15 науқасқа өкпе доноры қажет. Бұл адамдар мен олардың жақындарының қандай күйде екенін түсінуіміз керек. Біздің көмектескіміз-ақ келеді. Үкімет тарапынан трансплантация жасауға қажетті құжат та дайын, қаржы да бөлінген. Енді заңдық деңгейде келісім күтіп отырмыз», – деді Ж.Досқалиев «Денсаулық сақтау жүйесі және халық денсаулығы туралы» кодексі жөнінде өткен қоғамдық тыңдауда.

Тақырыпқа орай: Жыл сайын донор күткен 100 адам көз жұмады

Оның сөзінше, Қазақстанда тірі және өлі адамның да ағзасын донор ретінде пайдалануға болады. «Осы жылдың 11 айында қайтыс болған 10 адамның ағзасын пайдаландық. Оның әрқайсысынан 5 ағза алынды. Осылайша, 50 адамға өмір сыйладық. Мұны әрі қарай да дамыту керек. Қазір жұртта адам өмірден өткенде ағзасын сол күйінде жерлеу керек деген түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл қате түсінік. Себебі, елімізде 4 мыңнан астам науқасқа ағза трансплантациясы отасын жасау керек», – деді Досқалиев.

Айта кету керек, дамыған мемлекеттің ішінде Испанияда ағза трансплантациясы дұрыс жолға қойылған.  

Тегтер: